Шығыс Қазақстанда жоғалып кеткен 13 жасар жеткіншек табылды

None
None
РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының полицейлері жоғалып кеткен 13 жастағы жасөспірімді тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 24 қаңтар сағат 22.15 кезінде Риддер полиция бөліміне 38 жастағы қала тұрғыны хабарласқан.

Ол осыдан бір күн бұрын сағат 13.00 шамасында 13 жасар баласының далаға шығып кетіп, сол күйі оралмағанын айтты.

Әке-шешесі мен туыстары өз бетімен қанша іздесе де таба алмаған.

«Тәртіп сақшылары бірден жасөспірімді іздеуге кірісті. Оның ұялы телефоны сөніп тұрған. Көшелерді аралап, тұрғындардан сұрастырып, құдықтарды да тексерді. Осылайша 25 қаңтар сағат 8.00-де жасөспірім Риддер қаласындағы Речной көшесінде орналасқан жер үйлердің бірінен табылды. Қазір ол әке-шешесімен бірге» деп хабарлады ведомство өкілдері.

Полицейлер оның не себепті үйден кетіп қалғанын анықтап жатыр.

Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар 13 жастағы жасөспіріммен жұмыс жүргізуде.


Соңғы жаңалықтар