Шығыс Қазақстанда вакцина алғандар саны 3 есеге өсті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қазан айына дейін 747 мың адам коронавирусқа қарсы вакцина алады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімдігінде өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында соңғы алты ай ішінде өңірде вирус жұқтырғандар саны 15 есеге төмендегені айтылды.

«Егер өткен жылдың қараша айында қауіпті дертке шалдыққандар саны 9,7 мыңнан астам асса, наурызда бұл көрсеткіш 645-ке азайған. Десе де эпидемиологиялық жағдай сәуір айында ушыға бастады. Ол кезде вирус жұқтырғандар саны 2,8 есеге өскен», - деді облыс әкімінің орынбасары Шакәрім Бұқтұғұтов.

Оның айтуынша, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырудың ең оңтайлы жолы - вакцинациялау. Қазір облыста 380 мамандандырылған вакцина пункті жұмыс істеп тұр. Сәуірдің басында COVID-19-ға қарсы екпе алған адамдың саны 14,5 мыңға жеткен. Бүгінде бұл көрсеткіш 3 есеге өсіп отыр.

Сәуір айының соңына дейін вакцинаның қосымша 72 мың дозасы жеткізіледі. Қазан айының басына дейін өңірде 747 мың адам немесе жалпы халықтың 53 пайызы екпе алады деп жоспарланған.

«Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек бір тәулікте 380 пунктте 13 300 адам, ал бір айда 292 600 адам вакцина ала алады. Бүгінде вакцинаның жаңа дозаларының жеткізілуін күтіп отырмыз. Бірінші кезекте Өскемен, Семей, Аягөз қалалары және өнеркәсіптік кәсіпорындардың егпк пункттері қамтылады», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар