Шығыс Қазақстанда темекі шегіп отырып, ұйықтап қалған тұрғын өрттен қаза тапты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде темекі шегу ер адамның қаза болуына себепші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Бүгін түнде Өскемен қаласында Ахмер кенті ауданындағы Коммунальная көшесінде екіпәтерлі үйден өрт шыққан. Қонақ бөлмедегі жиһаз, түсқағаз, төбе, жеке заттары мен тұрмыстық техника өртенген.

Өрт сөндірушілер 15 шаршы метрдегі өртті ауыздықтады. Оқиға орнынан 1985 жылы туған пәтер иесінің күйіп кеткен денесі табылды.

«Тілсіз жаудың себебі - сөнбей қалған темекі тұқылының диван мен киімге түсіп, жануы. Қаза болған адамнын әпкесінің айтуынша, марқұм мас болған» делінген хабарламада.

ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, темекі шегу кезіндегі абайсыздық пен немқұрайлық – өрт тұтануының ең жиі кездесетін себептерінің бірі.

«Темекі тұқылы жанғыш материал бетіне түскенде ол жер бықсып жана береді, ал темекі қалдығы сөніп қалады. Бықсу ошағы қолайлы жағдай туындаған кезде өртке ұласуы ықтимал. Темекіні жатып шегу өте қауіпті, әсірісе мас күйде. Адамдар темекі қалдығы түскен жер жанып жатқан кезде шығатын улы газға тұншығып өледі. Өкінішке қарай, темекі шегушілер қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелеріне селқостық танытады және осылайша өз өмірін қатерге тігеді» деп ескертеді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар