Шығыс Қазақстанда қысқы туризм қалай дамып келеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қысқы туризмді дамыту мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде қысқы туризмді дамытудың мүмкіншілігі көп.

Себебі облыста Қазақстан бойынша қар жамылғысы ең ұзақ сақталады. Осылайша, қысқы туристік маусым 6 айға дейін созылады.

«Қазіргі уақытта бізде тау шаңғысы туризмі айтарлықтай жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Шаңғы және сноуборд әуесқойлары үшін әртүрлі қиындық санатындағы беткейлері бар көптеген курорттар жұмыс істеп тұр. Олар тәжірибелі шаңғышылар мен сноубордшыларға және әуесқойларға да қолайлы. Базалар Өскемен мен Риддер қалаларының іргесінде орналасқан», - делінген ақпаратта.

Қысқы туризм басқа аудандарда да оң қарқынмен дамып келеді.

Зайсан ауданында «Айка» шаруа қожалығы аңшылық турларын ұйымдастырумен қатар, жыл бойы сауықтыру қызметтерін (пантотерапия, қымызбен емдеу) көрсетеді.

Катонқарағай ауданында 2021 жылы Qaton Qaragai Resort пантымен емдеу орталығы бой көтерген. Ол қыс айларында да үздіксіз жұмыс істейді.

Сондай-ақ база аумағында туристер шаңғы теуіп, атқа мініп, сырғанаққа барады.

«Жыл сайын қысқы туризм бойынша арнайы нұсқаулық әзірленеді. Сол арқылы туристер демалуға баруға болатын орындарды таңдап, ол жаққа қалай жетуге болатынын біліп, басқа да қызықты ақпараттармен таныса алады. Өңірге қыс кезінде келушілер санын арттыру үшін бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерде жариялануда», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар