Шығыс Қазақстанда демалыс күндері 9 өрт болды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өткен демалыс күндері 9 өрт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 23 қазан күні сағат 12:30-да Абай ауданы Қарауыл ауылында ашық алаңда тұрған вагон өртенген. Тілсіз жау вагон қабырғасы ішкі қаптамасының ағаш құрылымдары мен жиһазды шарпыды. Оттың шығу себебі – пеш орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау.

Сол күні Риддер қаласында Островский көшесіндегі бесінші қабатта орналасқан екі бөлмелі пәтерде тұрмыстық техника мен жиһаз жанды. Көп ұзамай 12 шаршы метрді шарпыған өрт толықтай ауыздықталды.

«23 қазанда Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылында 1988 жылғы «Ауди 80» маркалы автокөлік жүріп келе жатып отқа оранған. Қозғалтқыштың мотор бөлігінің жанғыш бөлшектері, аспаптар панелі, көлік салоны мен доңғалақ қақпақтары өртенді. Жалынның шығу себебі - қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару», - делінген ақпаратта.

Дәл осы күні Глубокое ауылы Фрунзе көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында моншаны тілсіз жау шарпыды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп, жалпы аумағы 8 шаршы метрге жеткен отты өшірді. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себеп болған.

«24 қазанда таңғы сағат 06.00 шамасында Көкпекті ауданында жеке тұрғын үйдің ауласында 22 тонна пішен жанып кетті. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолдану. Сол күні Алтай ауданында барак үлгісіндегі 2 тұрғын үйде өрт шықты. Қызыл жалын 20 шаршы метрге жайылған. Сондай-ақ Семей қаласы мен Жарма ауданындарында жер үй аумағында өрт болды», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 25 қазанда Алтай қаласындағы Матросов көшесінде «Нива Chevrolet» маркалы автокөлік өртенген. Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жаудың шығуына – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару себеп болуы ықтимал.






Соңғы жаңалықтар