Шығыс Қазақстанда балықшылар мінген көлік мұз астына түсіп кетті

None
None
КҮРШІМ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында жолаушылар мінген көлік мұз астына түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Демалыс күндері Күршім аудандық жедел құтқару жасағына Алғабас ауылы маңында 4 адам мінген көлік мұз астына түсіп кеткені туралы хабар келген. Ең бастысы, жолаушылар зардап шекпеген.

Құтқарушылар тез арада жолға шыққанымен, күшті жел оларды оқиға орнына жеткізбеді.

«Адамдардың нақты қай жерде екенін білмедік. Әйтеуір ұялы байланыстың арқасында балықшылармен сөйлесіп отырдық. Дабыл мен бағыт-бағдар нұсқап отырғанның арқасында балықшылар бізге жетті. Мен бинокльмен қарап, оларға қайда жүру керектігін айтып отырдым», - дейді жедел құтқару жасағы Күршім бөлімшесінің басшысы Талғат Нұржанов.

Көлігі суға түсіп, жаяу қалғандар құтқарушыларға арада 3 сағат өткенде ғана жетті. Олар тез арада аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қараған соң жолаушылар киімін ауыстырып, тамақтанып алды.

Айта кетейік, құтқарушылар көктемде мұз ұстінде балық аулау қауіпті екенін ескертеді. Өйткені бұл кезде мұздың беті тегіс емес және ол шетінен еріп жатыр. Мұз бетінде көлікпен жүруге тыйым салынған. Балық аулауға шыққанда жақындарыңа қай жерде екеніңді айтып қою артық болмайды.


Соңғы жаңалықтар