16:16, 19 Ақпан 2020 | GMT +6
Шығыс Қазақстанда 5500 орындық 7 мектеп салынады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 7 мектеп бой көтермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылы өңірімізде 3 мектеп салынған болатын. 2020 жылы 5500 орындық 7 мектептің құрылысы жүргізіледі. Жаңа білім ордалары Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Абай ауданында салынады. Сондай-ақ биыл 4,5 млрд теңге бөлініп, 129 мектеп жөндеуден өтеді», - деді Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде.
Оның айтуынша, облыстағы барлық 648 мектеп IT сыныптармен жабдықталған. Бұл - республика бойынша ең үздік көрсеткіш.
«Алдағы үш жылдың ішінде 4 мың мұғалім біліктілігін арттырады. Жыл сайын үздік атанған ұстаздарға қосымша сыйақы беріліп отыр. Осының барлығы оқу сапасын жақсарту мақсатында іске асуда», - дейді аймақ басшысы.