Шығыс Қазақстан халқының 87 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы ересек тұрғындардың 87 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша қазақ тілін оқытатын 12 тіл орталығы жұмыс істейді.

Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ШҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова айтты.

- 2022 жылы тіл орталықтарында 3263 ересек тұрғын оқуға тартылды. Оның ішінде мемлекеттік тілде – 2479 адам, ағылшын тілінде – 639 адам, орыс тілінде – 109 адам білім алды. 2020-2021 жылдары аттестациялық тестілеуден 169, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден 1433 азамат өтіп, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растады. Бүгінгі таңда облыс халқының мемлекеттік тілді меңгерген үлесі 87 пайызды, ағылшын тілін білетін ересек тұрғындар саны – 7 пайызды, үш тілді меңгергендердің үлесі – 6 пайызды құрап отыр. Орысша сөйлейтіндердің саны 92 пайызды құрайды, - деді ол.

Роза Төлемісованың айтуынша, көрнекі ақпараттың және жарнамалық мәтіндердің сауаттылығын бақылауға үлкен мән беріледі.

- 2022 жылдың наурыз-сәуір айларында «Сауатты жарнама – мәдениет нышаны» атты айлық өткізілді. Өскемен қаласында жарнамалық және көрнекі ақпарат мәтінінің дұрыстығын тексеретін «Тіл қорғандары» мониторингтік топтары құрылды. Осы топтар жұмысының нәтижесінде 1000-ға жуық нысан тексеріліп, 348 қате мәтін анықталып, түзету жұмыстары жүргізілді, – деді басқарма басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар