Швейцариядағы қазақтар бұрын келгендер немесе кейін келгендер деп бөлінбейді - Руслан Тоқболат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр жазда пандемия өршіп, күрделі жағдай қалыптасқан кезде қиырда жүрсе де, елге көмек жіберіп, халық алғысын арқалағандардың арасында швейцария қазақтары да бар еді. ҚазАқпарат тілшісі Еуропа төріндегі қазақтардың басын қосып жүрген BIRLIK қазақ-швейцар қауымдастығының өкілдерімен сұхбаттасты. Оқырман назарына соны ықшамдап беріп отырмыз.

ҚазАқпарат:

Ұлыс оң болсын! Әуелі амандық сұрасып алайық. Бүкіл әлемнің үрейін алған COVID-19 инфекциясының жаппай тарала бастағанына бір жыл болыпты. Осы бір жылды Швейцариядағы қандастарымыз қалай өткерді? Дәл осы елдегі қазақтардың індетке шалдығу көрсеткіші туралы статистика бар ма?

Нұргүл Жақыпбай, BIRLIK қазақ-швейцар қауымдастығының тең төрайымы: Рахмет, айтқаныңыз келсін! Қазіргі жағдай бойынша Швейцарияда 590 мыңнан астам адам COVID инфекциясын жұқтырып, 10 мыңнан астам адам көз жұмған. 535 мыңдай адам жазылып шыққан. 5,6 млн астам адам тестен өтті. Жалпы елдегі әрбір миллион тұрғынның 644 мыңнан астамы тестпен қамтылған. Швейцария аумағында тұрып жатқан қазақтар туралы айтатын болсақ, олардың сырқаты туралы дерек қолымызда жоқ. Барлық Швейцария азаматтары сияқты біз де сақтық шараларын мейлінше сақтап жүрміз. Толық және ішінара локдаундар кезінде үйде отырдық. Бундесрат (жергілікті үкімет) қабылдаған ережелерге бағынып отырмыз.

ҚазАқпарат: Жаз ортасына қарай Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай ушығып, сыртта жүрген отандастарымыз, әлемнің әр қиырындағы қандастарымыз қолында барымен бөлісіп жатты. Швейцария қазақтарының белсенді көмегін солардың ішінде ерекше атауға болады. Сол үшін отандастарымыздың атынан алғыс айуға рұқсат етіңіздер. Алғашқылардың бірі болып мұндағы елге көмек қолын созғандарыңызға қарап, қауымдастықтарыңыз швейцариялық сағат сияқты мүлтіксіз жұмыс істейді-ау деп ойладық. Осы істе белсенді болған, ірі көлемде үлес қосқан қандастарымызды атай аласыздар ма?

Нұргүл Жақыпбай: Пандемия проблемалары мен Қазақстандағы ахуалға бейжай қарамаған адамдардың баршасына алғыс білдіргіміз келеді. Қазақстанда пандемияның алғашқы толқыны ауыр өтті. Сол кезде көмек қолын созғандар арасында Швейцария азаматтары да, өзіміздің отандастар да болды. Біз жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға және Қазақстандағы жас мамандарға стипендия тағайындап, соған ақша жинадық. Көмектің алғашқы легі Түркиядағы отандастарымызбен бірге ұйымдастырылды. Ол кезде өкпені жасанды жолмен демалтатын аппараттар жібердік. Нақты айтсақ, Швейцариядан бұл іске Серік Тұрсын мен Сәуле Хофер үлкен үлес қосты. Ал «Бірлік» қауымдастығының атынан Руслан Тоқболат, Сәуле Хофер, Серік Тұрсын, Нұргүл Жақыпбай бірлесіп ақша жинап, көмектің түрлі жолдарын іздеп тапты. Әлібек Бақаев басқаратын осындағы елшіліктің де жұмысын, сондағы маман Гүлсананың да еңбегін атап өткен жөн. Қолымыздан келген көмекті жұдырықтай жұмылып көрсеттік. Сол кезде бізге қаржылай да, моральдік тұрғыда да көмек көрсеткендерге алғысымыз шексіз.

ҚазАқпарат: Қазір Швейцариядағы қазақтар десе, ойымызға бірден Серік Тұрсын ағамыз келеді. Демек Еуропаның төрінде кезінде Гималай асып, Каспиді кесіп өткендердің ұрпақтарынан бөлек Тәуелсіздік алғаннан кейін де қоныс аударғандар көп болып отыр ғой. Түркиядан барған байырғы қазақтар мен кейін барған қазақтардың қарым-қатынасы қандай?

Руслан Тоқболат, BIRLIK қазақ-швейцар қауымдастығының тең төрағасы: Қиын кезеңдерде Түркиядан пана тауып, кейін Швейцарияға қоныс аударған қандастарымыз бар. Бірақ олардың саны ондай көп емес. Сәдет деген музыкамен айналысатын жерлесіміз бар. Түп-тамыры Түркиядан тарайтын Атақан деген бауырымыз бар. Орталық Азияға туристер тартып жүр. Негізі Швейцариядағы қазақ диаспорасының көпшілігі, шамамен 95 пайызы Қазақстаннан бертін барған жерлестер. Олардың көбі жұмыс бабымен, тұрмыстық жағдайымен, білім іздеп келгендер. Бірақ біз бұрын келгендер немесе кейін келгендер деп бөлінбейміз. Барлық жерлестер мен қандастардың басын қосуға тырысамыз, солармен бірге қызмет атқарып, достықта өмір сүріп жатырмыз.

ҚазАқпарат: Қазақстанда коронавируспен жанын салып күрескен азаматтарға сыйақы тағайындап, конкурс жариялағандарыңыз есімізде. Соның нәтижесі қалай болды?

Руслан Тоқболат: Біз тағайындаған стипендияға 150-ден астам үміткер құжат тапсырды. Соның 50-і стипендия иегері атанды. Оларға ақшалай сыйақыдан бөлек, арнайы сертификаттар табыстадық. Швейцариядағы дәрігерлермен білім алмасу өтті. Бірнеше семинар өткізіп, елдің әр түкпірінен таңдап алынған стипендианттарды бір-бірімен таныстырдық. Өзіміз де керемет әсер алдық. Өйткені жас медицина мамандары, студенттер, интерндер, резиденттер, еріктілер өздері осы бір күрделі кезде бастарынан өткен жағдайларды баяндады. Кездесулер кезінде қазіргі заманның батырларын, бетке ұстар мамандарын таныдық дей аламын. Соған өте қуаныштымыз. Жобаны осылай қорытындыладық. Бірақ әлі күнге дейін стипендианттар хабарласып, жақсы лебіздерін жіберіп жатады.

ҚазАқпарат: Қазір Швейцарияда қанша қазақ тұрады?

Нұргүл Жақыпбай: Консулдықтың есебінде 200-ден астам қазақ ресми тіркелген. Ал біздің есебіміз бойынша, 300-ден астам қазақ бар болуы керек. Бұлардың бәрі жұмыс бабымен немесе оқуға келген отандастарымыз.

ҚазАқпарат: Наурызды қалай тойладыңыздар? Карантин, шектеулер кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

Сәуле Хофер, BIRLIK қазақ-швейцар қауымдастығының тең төрайымы: Өкінішке қарай, биыл коронавирустың кесірінен Наурызда Швейцариядағы барлық қазақтардың басын қосып, думан өткізу мүмкін болған жоқ. Шараға қатысатын адамның саны бойынша қатаң шектеу бар. Бірақ біз Семейдегі университетпен бірлесіп балаларға Наурыз туралы онлайн сабақ өткіздік. Осындағы қазақ диаспорасының көмегімен бірнеше тілде құттықтау ұйымдастырып, жолдадық. Әзірге мұнда да дастархан басындағы ән-күйге толы думан өткізуге болмайды. Жағдайдың жақсарғанын күту керек.

ҚазАқпарат: Ақпараттық технологиялар дәуірінде қашықтық, шекара деген ұғымдар шартты түсінікке айналып бара жатыр ғой. Тіпті виртуалды туризм деген сервис дамып келеді. Соның бәрі отанға деген сағынышты сәл де болса баса ала ма екен?

Сәуле Хофер: Қазіргі кезеңнің талабы солай болып тұр. Үйреншікті дүниенің көбі қазір қолжетімсіз болып қалды. Шекаралар ашық кезде туыстарымызды сағынсақ, Қазақстанға жетіп баратынбыз. Соған үйреніп қалыппыз. Ал қазір соның бәріне жол жабық. Бүкіл әлем қамауда отырғандай. Әйтеуір бейнебайланыс бар. Соның арқасында туыстарымызбен ғана емес, Семейдегі ұстаздармен де араласып тұрамыз.

ҚазАқпарат: Таулы табиғатымызға тамсанғанда екінші Швейцарияға теңеп, мақтанып жатамыз. Сіздер де талай естіген шығарсыздар. Сондағы реакцияларыңыз қандай? Жалпы Швейцария мен Қазақстанның қандай ұқсастықтары бар? Менталитет пен мәдени ұстанымдар, құндылықтар тұрғысындағы басты айырмашылықтар қандай?

Сәуле Хофер: Қазақстанның кейбір жерінің табиғаты шынымен де Швейцарияға ұқсайды. Бірақ швейцариялықтар тіпті іргесіндегі көршілерінен де табиғатқа деген жоғары құрметімен ерекшеленіп тұрады. Жүрген жерінің бәрін таза ұстайды. Мұндағы менталитет те өзгеше. Бірақ Қазақстанда да кейінгі кезде табиғатты аялауға, оны күтіп ұстауға деген талпыныс оянып келеді. Адамдар оны саналы түрде түсіне бастады деп ойлаймын. Қазақстанның табиғаты - теңдессіз. Бірақ климаттық жағдай мен халық саны туризм мен инфрақұрылымның дамуында негізгі рөл атқарады.

ҚазАқпарат: Швейцариядағы Қазақстанның елшілігімен қарым-қатынастарыңыз қандай? Сіздерге қолдау көрсетіп тұра ма?

Нұргүл Жақыпбай: Қазақстанның Берн қаласындағы елшілігі BIRLIK қауымдастығының өміріне белсенді атсалысып келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Елшілік мамандарын осындағы диаспораның өміріне араласып, қызығушылық танытып жүргендері үшін алғыс айтқымыз келеді.

– Әңгімелеріңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбай


Соңғы жаңалықтар