Шудағы есірткіге қатысты қылмыс пен полицейлердің атысы: Бір адам қайтыс болды

None
None
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті өз қатарындағы қылмысты түбірімен жою жұмысын жалғастыруда. Бұл жолы олардың нысанасына Көліктегі полиция департаментінің Жамбыл облысы Шоқпар стансасының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жабайы қарасораны жинау мен сатуға қатысты өзіндік қауіпсіздік басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалын бастады. Тексеру шаралары барысында ӨҚБ қызметкерлеріне күдікке ілінген полиция қызметкерлерінің Құмөзек жеріне өтіп, есірткі өсімдігін заңсыз жинап, кейін сатқысы келетіндері туралы ақпарат келіп түскен.

Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен арнайы қызмет бөлімі бұл қылмыстың жолын кесу үшін арнайы операция өткізді. Күдіктілер кетіп бара жатқан көлікті тоқтату керек болатын. Ол үшін қызметкерлер Шу-Тараз автожолын жапқан еді. Алайда осы уақытта жүргізуші із суытып кету үшін арнайы қызметтегілердің көлігін әдейі жаныштай соғып, ондағы арнайы бөлімше қызметкерінің бірін ауыр жарақаттаған.

Қаруы бар күдіктілер қатты жылдамдықпен оқиға орнынан іс суытып кетпек болған. Олардың көлігінде үш адам болған. Полиция қызметкерлерінің аспанға атқан ескерту оғына қылмыскерлер тоқтамаған. Осыдан кейін құқық қорғаушылар көлікті тоқтату үшін қызмет қаруын пайдаланды. Ақыры күдіктілердің екеуі жарақат алған.

Осы оқиғаның салдарынан олардың біреуі медицина мекемесінде көз жұмды. Екіншісіне стационарлық көмек көрсетілді. Үшіншісі ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды.

Қазіргі уақытта осы іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297, 345, 362-баптары бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне сай бұдан басқа ақпарат жарияланбайды.

Соңғы жаңалықтар