Шу тұрғынынан 400 мыңнан астам доза марихуана тәркіленді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында полицейлер 400 мыңнан астам доза есірткі тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу қаласының 20 жастағы тұрғынын ұстады.

Ол Шу ауданы Тасөткел ауылынан 3 шақырым жерде жедел-іздестіру шаралары кезінде қолға түсті.

Тінту барысында одан жалпы салмағы 42 келі 500 грамм «марихуана» есірткі заты табылды.

Тәркіленген есірткінің салмағы - 400 мыңнан астам доза.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған» - деп атап өтті ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.

Ұсталған азамат кінәсін толық мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.



Соңғы жаңалықтар