Шомылу маусымы қашан ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер шомылу маусымы еліміздің өңірлерінде қай уақытта ашылатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен апта азаматтық қорғаныс органдарының бөлімшелері үшін барынша қиын болды. Құрғақ әрі ыстық ауа райына байланысты от тұтану дерегі де өте көп. Өрт саны да көп болып отыр. Бұған қоса, қапырықтан қашқан тұрғындар су қоймаларына бет алып, арнайы белгілендеген жерлерде шомылады. Бүгінгі күнге дейін суға түсу маусымы әлі ашылмағандығын атап өткім келеді. Жыл басынан бері кешеге дейін азаматтық қорғаныс органдарының бөлімшелері 643 рет, оның ішінде Қарағанды облысында 223, ШҚО-да 81, Нұр-Сұлтанда 66, Павлодарда 33 және Түркістан облысында 26 рет құтқаруға шықты«, - деді ол.

Оның атап өтуінше, суға шомылу маусымын ашу шешімі әр өңірдің басшылығымен ақылдаса отырып, жеке қабылданады.

«1 маусымнан бастап суға шомылу маусымы Алматы, Ақтөбе, Ақмола, БҚО, Қостанай, Қарағанды, СҚО, Түркістан облыстарында, Жезқазған, Алматы және Шымкент қалаларында ашылады. Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысында 10 маусымнан, ШҚО-да 13 маусымнан, Атырауда 15 маусымнан және Маңғыстау облысында 25 маусымнан бастап ашу жоспарланған», - деді комитет басшысы.

В.Беккердің айтуынша, су температурасының барынша төмен болуы суға шомылу маусымын ашпауға себеп болған.

«Соңғы аптада күн ыстық болып тұрғанына қарамастан Павлодар облысында су температурасы 19, Ақмолада 18, Қарағандыда 18-20, Қостанайда 18-20, Маңғыстауда 17, БҚО-да 15-20, Ақтөбеде 18-21, Алматы, Қызылорда 20-25, ШҚО-да 20, Алматы, Түркістанда 17-24, Жамбылда 20-25 градус қана», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар