ШОЛУ: Индустрияландырудың жаңа жобалары - Қазақстанның экономикалық трендтері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес өтеді.

Телекөпір форматындағы кеңес аясында индустрияландыру бағдарламасының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланады және екінші бесжылдық бағдарламасы аясындағы бірқатар жаңа жобалар іске қосылады. Олар:

1. Павлодар облысы, Екібастұз қаласы. «R.W.S. Wheelset» ЖШС (теміржол білігі мен қос дөңгелек шығаратын зауыт).

2. Павлодар облысы, Екібастұз қаласы. «GreenhouseKZ» ЖШС (голландтық раушандар өсіретін жылыжай кешені).

3.Алматы қаласы, «Эфко Алматы» ЖШС (май өнімдерін шығару кешені).

4.Астана қаласы, «Ipek Kagit Central Asia» (санитарлы-гигиеналық және тұрмысқа қажет қағаз өнімдерін өндіру зауыты).

5.«Петропавл трактор зауыты» ЖШС.

6.ОҚО, Қазығұрт ауданы, Майлыошақ ауылы. «Lotus Food Company LLC» ЖШС (тез әзірленетін тағам өндіру зауыты).

7.Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы. «Kazakhstan Pipe Traders» ЖШС (мұнай құбырларын өндіру зауыты).

8.Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласы. «Конденсат» АҚ (мотор майлары өндірісі).

Сондай-ақ, индустрияландыру нәтижесінде  әлеуметтік дамуын нығайтқан 3 өңір көрсетіледі. Олар:

1. Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы;

2. Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы;

3.Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау моноқаласы.

Сондай-ақ, шара барысында индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асырудың жаңа қадамдары таныстырылады. Бұнда бірқатар түзетулер болады деп күтіліп отыр. 

Жалпы Индустрияландыру күніне орай еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында кәсіпорындарды іске қосу, Қазақстан экономикасын алға сүйрейтін бағдарламаның орындалуына жауапты тұлғалардың есебін тыңдау жылына екі рет дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Бүгін 2016 жылдың алғашқы жартыжылдықтың қорытындысын шығармас бұрын «ҚазАқпарат» агентігі 2015 жылдың екінші жартыжылдығындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустрияландыру күндері аясындағы іс-шараларға сонымен бірге Индустрияландыру картасындағы жаңа жобаларды және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы іске қосылған инфрақұрылымдық нысандарды пайдалануға беру жөніндегі материалдарға шолуды ұсынады.

***

Тәуелсіздік сарайында ҚР ПрезидентіНұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру бойынша «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы»  жалпыұлттық телекөпірі басталды. Мемлекет басшысы аймақтардағы индустриалдық жобаларды іске қосты. Жалпыұлттық телекөпір барысында сондай-ақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы есеп айтылды. Жалпыұлттық телекөпір «Жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аясында өтті.

 

Елімізді қыздырылған мұнай коксын импорттау тәуелділігінен арылтатын кешен іске қосылды

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Коксты қайта өңдеу бойынша мұнай-химия өндірісін іске қосты.

«Аса қадірменді Елбасы! «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы мұнай коксын қайта өңдеу - өңірдің мұнай өңдеу кешенінің жаңа бағыты. Инвестиция көлемі - 23 млрд. теңге. Біздің өнімнің негізгі тұтынушысы Қазақстан электролизді зауыты - алюминий өндірушісі болады. Өндіріс қыздырылған мұнай коксын импорттау тәуелділігінен босатып, Ресей мен Қытай нарығына шығуға мүмкіндік береді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, зауытты іске қосуға рұқсат сұраймын!» -  деді «УПНК-ПВ» ЖШС  атқарушы директоры Нағашыбек Әубәкіров.

«Баршаларыңызға рахмет! Бұл бізге өте қажет, Қазақстанда жоқ өнім шығарайын деп отырсыңдар. Жұмыскерлерге де, өздеріңе де жақсы. Тәуелсіздік күні қарсаңында халыққа жасап отырған үлкен сыйларыңызбен құттықтаймын. Кәсіпорынды іске қосуға рұқсат беремін», - деді Елбасы.

Айта кетейік, Қазақстанның  ешбір кәсіпорнында кездеспейтін  жаңа  қондырғы  Павлодар  мұнай-химия зауытынан алынатын  шикі мұнай коксын 1250-1350°С дейін қыздырады. Өнімді  алюминий шығаратын Қазақстан электролиз заводы  тұтынып, Қытай коксына  тәуелді болмайды. Алдағы уақытта қыздырылған мұнай коксы Ресей  мен Қытайға  экспортталады.   Сондай-ақ,   завод  газдан бөлінетін жылуды кәдеге  жаратып,  өз өндіріс ошағын  толық электр энергиясымен қамтиды. Өндірісте ауаға зиянды қалдықтарды шығармайтын түтін газ сүзгіштер мен күкірт қоспаларын ұстайтын қондырғы орнатылған.

 

 Қазақстан дәрі-дәрмекті экспортқа шығарады

Сондай-ақ телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы  облысындағы жаңа фармацевтикалық  зауытты іске қосты.

«Құрметті Президент мырза! Ең алдымен, Қазақстанда жайлы инвестициялық ахуал қалыптастырғаныңыз үшін Сізге алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Глобал Фарм компаниясы түріктің фармацевтика секторындағы  көшбасшысы «Абди Ибрагим» компаниясымен бірлесіп, жылдық қуаты 1,5 миллиардқа дейінгі таблетка мен капсуланы шығаратын жаңа зауытты іске қосып, дәрі-дәрмек атауын 200-ге дейін жеткізді. Мен үшін GMP стандарттарына сай  дәрілік препараттар шығаратын, экспортқа бағдарланған жаңа заманауи зауытты Сізге таныстыру зор мәртебе. Аса құрметті Елбасы, зауытты іске қосуға рұқсат етіңіз!» - деді «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС-ның Бас директоры Тайфун Мерич.

«Дәрі-дәрмек бізге өте керек еді. Түрік ағайындардың көмегімен іске қосылатын мына жаңа өндіріс бізге қажет. Халықтың денсаулығына жарайтын болсын, денсаулығын түзейтін болсын. Іске қосайық», - деді ҚР Президенті.   

Айта кетейік, Алматы  облысындағы  жаңа фармацевтикалық  зауыт GMP стандарттарына сай  дәрілік препараттар шығарады. Зауыт  түрік фармацевтика  секторының  үздігі - АБДИ ИБРАХИМ  компаниясына тиесілі.  Кәсіпорын   дәрілік өсімдіктерге  бай  Қазақстанның  дәрі-дәрмекті сырттан тасуын  азайтып, фармацевтика дамуын 10 пайызға арттырып, жетекші елдер қатарына енуге мүмкіндік береді. Зауыт шығаратын қан қысымын төмендететін және  туберкулезге қарсы препараттар,  қандағы  қант құрамын төмендететін дәрілер мен  жаңа  антивирустық препараттар  сапалы әрі қауіпсіз. Өнім экспортқа да бағытталған.    

Ақтөбе облысында өнімінің 60 пайызын Ресейге экспорттайтын Ет өңдеу комбинаты іске қосылды

Аталған комбинатты  жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жағдайда іске қосты.

«Құрметті Елбасы! Сіздің индустрияландыру бағдарламаңыздың арқасында біз өз өндірісімізді әртараптандырып, ірі қара малды бордақылаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі ет кластерін құрдық. Бүгін біз ет өңдеу кешенін іске қосуға дайынбыз. Жобаға 2 млрд. теңгеден астам қаржы салынды. 88 жаңа жұмыс орны құрылды. Өндірісте шикізатты өңдеудің бүкіл процесін толығымен автоматтандыруға мүмкіндік беретін жаңа еуропалық технология қолданылатын болады. Өнімнің 60 пайызы Ресейге экспортталады», - деді «Актеп»  ЖШС  құрылтайшысы Нұрлан Сағыналин.

«Комбинатты іске қосуға рұқсат етемін. Себебі өзіміздің мал шаруашымызды дамытып, ет өнімдерімізді өңдеп шетке шығарып отырмыз. Менің ылғи айтып жүргенім, мал шаруашылығы - біздің экономикамыздың ең үлкен бөлшегі. Оның бағасын көтеріп, шетелге шығару - бәріміз үшін қуаныш. Құтты болсын», - деген ҚР Президенті комбинат жұмысшыларына мол табыс тіледі.

Ет өңдеу комбинаты 10 000 ірі қара малы бар «Актеп» серіктестігінің мал бордақылайтын алаңына жақын орналасқан. Бұл мал бордақылаудан союға дейінгі толық технологиялық байланысты қамтамасыз етеді. Мал соятын өндірістік цехта жаңа технологиямен жоғары сапалы мұздатылған ет өндіріледі. Әлемдік талапқа сай өнімнің басым бөлігі Ресейге экспортталады. Кәсіпорын  сағатына 15 бас,  ауысымда 105 бас, жылына 32 мың бас ірі қара етін өңдейді.

 ҚР Президенті Атырау облысындағы жеңіл өнеркәсіп өндірісін іске қосуға рұқсат берді

«Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысындағы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС жүн өнімдері өндірісін іске қосуға рұқсат  берді.

«Caspiy Lana Atyrau»  ЖШС директоры Назгүл Есмақанованың сөзіне қарағанда, фабрикада жылына 100 тонна түйе жүнін және 350 тонна қой жүнін өңдеу мүмкіндігі бар. Өндірілген жүннен 400 мың метр дайын өнім шығарылатын болады.

«Біздің өнімдерге тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де сұраныс бар. Қазірдің өзінде италиялық Whiteblack Di Luca Mattia Bezzi компаниясымен фабриканың дайын өнімдерін өткізу жөнінде келісім-шарт жасалған. Осындай кешен өңірде алғаш рет іске асырылуда. Фабриканың өнімдері ішкі нарықты жоғары сапалы және қолжетімді тауарлармен қамтамасыз етіп, өңірлік жеңіл өнеркәсіптің дамуына зор үлес қосады», - деді ол.

Атыраудағы жүн өнімдерінің алғашқы өндірісі - түйе және қой жүнін бастапқы өңдеуден дайын тоқыма  өнімдеріне дейін жеткізетін  бірегей жоба. Ішкі нарық қажеттілігін өтейтін өнімдердің сапасы өте жоғары. Жүннен тоқылған бұйымдар табиғи таза, жайлы және жеңіл. Өндіріс мал жүнін кәдеге  жаратып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай өндіріс өте қажет екенін атап өтті. Осы орайда Атырау облысында жеңіл өнеркәсіпті дамыту жұмыстарын жалғастыруға тапсырды.

Қазақстанда алғаш рет құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығарыла бастады

Қазақстанда алғаш рет құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығарыла бастады. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған кәсіпорын жұмысын бастауға рұқсат берді.


«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз жаңа өндірісте құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздарды шығаруды игердік. Мұндай өнім бұрын республикада шығарылмаған. Зауыт Қазақстан үшін жаңа өнімнің 25 атауын өндіретін болады. Ол ішкі нарықты қамтамасыз етуге және өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Жобаға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау жасалды. Аса құрметті Елбасы! Жеке кәсіпкерліктің дамуына мемлекет қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіруге және екі жаңа өндірісті іске қосуға рұқсат етуіңізді сұраймыз!» - деді «Радуга» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Ботагөз Құлданова.

ҚР Президенті өз кезегінде өндірістің іске қосылуына өз рұқсатын беріп, компания жұмысына зор табыстар тіледі.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысындағы тез пісетін тағамдар өндірісі  «Бизнестің жол картасы - 2020»  бағдарламасы аясында жүзеге асты. Құрғақ таңғы ас, түрлі үлпек, қоспаларды шығаратын мұндай өндіріс республикада бұрын-соңды болмаған. Өндіріс азық-түлік шығаруда қазақстандық үлесті арттырады. Құрғақ таңғы асты Ресейден тасуды азайтады. Заманауи технологиялармен жасалған сапалы әрі қауіпсіз тағамдар еліміздің барлық өңіріне таратылады.

 Телекөпір барысында Оңтүстік Қазақстан облысында дайын тоқыма бұйымдары өндірісі іске қосылды

«Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында «Әлем БТ» ЖШС-ның дайын тоқыма бұйымдары өндірісін іске қосты.  

«Аса қадірменді Елбасы!  Бүгін - айтулы күн, біз «Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Оңтүстік Корея технологиясымен, жылына 16 млн. дана шұлық өнімдерін өндіретін фабриканы іске қосқалы тұрмыз. Біздің тауарлар Қазақстан нарығына шығарылып, алыс шетел мемлекеттеріне экспортталатын болады. Жоба «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске асырылды. Бүгінде, құны 28 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 2144 адам жұмыспен қамтылған. Сіздің саясатыңыздың жемісі болып табылатын бұл аймақта барлық жеңілдіктерді алудамыз. Сізге деген алғысымыз шексіз, құрметті Елбасы! Осындай жобалар есебінен еліміз одан әрі көркейіп, дамудың жаңа деңгейіне шығатынына сенімдіміз», - деді «Әлем БТ» ЖШС  Бас директоры Қайрат Балабиев.

Оңтүстік Қазақстан облысында  оңтүстіккореялық инвестор Jintex Global компаниясымен бірлескен  дайын тоқыма бұйымдарының  өндірісі іске қосылды.   Фабрика жоғары сапалы шұлық өнімдерін шығарады. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 30 пайызы  Ресей, АҚШ және  Кореяға  экспортталады. Шұлық шығаруға қажет шикізат арнайы экономикалық аймақта орналасқан тоқыма кәсіпорындарынан тапсырыспен алынады.

«Жас қанат-2006» құс фабрикасы жаңғыртудың жаңа кезеңіне көшті

Қостанай облысындағы "Жас қанат-2006" құс фабрикасы жаңғыртудың жаңа кезеңіне көшті. Бұл туралы телекөпір барысында белгілі болды.

«Құрметті Президент мырза! Бүгінгі күні жұмыртқа өндірісі көлемін арттыруға бағытталған құс фабрикасын жаңғыртудың кезекті кезеңі аяқталды. Заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды енгізу жұмыртқа жинау және сұрыптау уақытын 3 есе қысқартуға, жылына 250 млн. данаға жеткізуге, бұл ретте еңбек өнімділігін 3 есе арттыруға мүмкіндік береді. Біз өз өнімдерімізді Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізіп, 15 пайыз өнімімізді Ресей Федерациясына экспортқа шығарамыз. Ал ендігі уақытта жүргізілген жаңғыртудың арасында біз бұл көрсеткішті еселеуді жоспарлап отырмыз», - деді "Жас қанат-2006" ЖШС-ның бас директоры Қайрат Маишев.

Өз кезегінде Елбасы құс еті импортына тәуелділіктен арылудың маңыздылығын атап өте келе, фабриканың алдағы жұмыстарына жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, құс фабрикасына республикада  баламасы жоқ көп қатарлы тор жабдықтары  қойылды.  Құны 1 млрд. теңге тұратын  жоба  аясында жылына 250 млн. жұмыртқа алу  жоспарланып отыр. Жаңа жабдық еңбек өнімділігі мен өндіріс қуатын арттырады. Фабрикада тұрақты жұмыс орындары ашылып, Рудный қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына ықпал етеді.

Алматыда лак және бояу материалдары өндірісі жұмысын бастады

«Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Алматыда «COLOR International Technologies» ЖШС-ның лак және бояу материалдары өндірісі жұмысын бастады.

Алматы қаласындағы лак-бояу материалдарын шығаратын зауыт  ішкі нарықты толықтай қамтып, тауарды сырттан тасуды азайтады. Республикада баламасы жоқ өндіріс толық автоматтандырылып, еуропалық жоғары технология арқылы жылына 15 мың тонна бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнім шығарады.

«Аса құрметті Елбасы! «COLOR International Technologies» зауыты - бояу материалдарын шығарытын ірі кәсіпорындардың бірі. Бізде өндірістік үдерістің 98 пайызы автоматтандырылған. Біздің тауардың көлемі мен сапасы және бағасы отандық нарықты импорттық өнімге тәуелділігін төмендетеді», - деді «COLOR International Technologies» ЖШС Бас директоры Құрманғазы Ықыласбеков.

Елбасы еліміздегі өндірістерді іске қосуға құрылыс материалдары өте қажет екенін айта келе: «Өте қажет зауыт пайда болып отыр. Сырттан тасымалдамай, өзімізде шығарып, халқымызды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз», - деді.

Астанада отандық кәсіпорындарды тігін машиналарымен толықтай қамтамасыз ететін өндіріс орны жұмысын бастады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында елордада «ASTANA Ютария  Ltd»  инновациялық өндірістік компаниясы» ЖШС-ның "KazTexExpo" автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені жұмысын бастады.             

«Мемлекеттік және жеке серіктестің арқасында біз «Астана жаңа қала» Арнайы экономикалық аймақта қазіргі заманғы кешенді салдық. Бірінші кезекте, осында Zoje брендінің тігін құрылғыларын құрастыру жүргізіледі. Жобаны іске асыру кәсіби жабдықтармен қамтамасыз етуге, Қазақстандағы және ТМД-дағы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына сервистік және консалтингтік қызметтер көрсетуге мүмкіндік берді», - деді "ASTANA Ютария  Ltd" инновациялық өндірістік компаниясы» ЖШС бас  директоры Сәуле Шәуенова

Оның сөзіне қарағанда, кешенде трикотаж, жылына 1 млн. дана тігін бұйымдары шығарылады. Өндіріс толық қуатына шыққанда 500 жұмыс орны құрылатын болады.

"ASTANA Ютария Ltd" инновациялық өндірістік компаниясы» отандық жеңіл өнеркәсіп үздіктерінің бірі. Бүгінде ол отандық кәсіпорындарды әлемге  әйгілі Zoje брендінің тігін машиналарымен толықтай қамтамасыз етеді. Бұдан былай республикада автоматтандырылған, шығыны аз, өнімділігі жоғары тігін машиналары шығарылады. Бір терезе қағидасы бойынша тігін машиналарын орнату, кеңестік қызмет көрсету, құжат дайындау жұмыстары қосымша жүргізіледі.  Сондай-ақ, фабрика тігін және трикотаж өнімдерінің бірнеше түрін шығарады. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін жобалауда инновациялық тәсілдер, бұйымдар жасауда нанотехнологиялар қолданылады. KazTeксExpo автоматтандырылған өндірістік кешені "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы шеңберінде құрылған баламасыз жоба.

Астананы 100 пайыз құс етімен қамтамасыз ететін жоба іске қосылды

Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында белгілі болды.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Ақмол ауылындағы құс фабриасының базасында біз Германиядан келген инвестормен бірлесіп, ет бағытындағы жаңа өндіріс салып, 400 жұмыс орнын құрдық. Фабрика қуаты жылына 20 мың тонна салқындатылған құс еті мен 300 тонна терең қайта өңделген өнімді құрайды. Жоба Астана азық-түлік белдеуіне кіреді және елорданы 100 пайыз ет өнімдерімен қамтамасыз етеді, сонымен қатар республикаға әкелінетін ет импортын 15 пайызға қысқартады. Құрметті Елбасы! Қазақстанның құс шаруашылығы саласы атынан біз Сізге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз», - деді  «Capital Project LTD» ЖШС-ның құрылтайшысы Максим Божко.

Мемлекет басшысы өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сапасын арттыру және республиканы толық көлемде қамтамасыз ету басты мақсат болып отырғандығын атап өтті. «Қазақстан - аграрлық ел. Жалпы экономикадағы ауыл шаруашылығының көлемі 4,5 пайызды құрайды», - деген Елбасы өңірлерде осындай жобалардың жүзеге асырылуына жағдай жасаған әкімдерге де өз ризашылығын білдірді.

Ақмола облысындағы «Capital Projects LTD» серіктестігі бройлер құс фабрикасының 2-ші жобасы Астана мен оған іргелес жатқан барлық аудандарды сапалы құс етімен қамтамасыз етеді. Қоңды балапан еттері  су шығындамай, тамшылату жүйесі арқылы    мұздатылады. Бұл әдіс өнімнің балғын табиғи қалпын сақтауына  ықпал етеді. Өңірдің  азық-түлік белдеуін қалыптастыруға аса қажетті нысан жылына 20 мың тонна құс етін өндіреді. 

Қызылорда облысында үй құрылысы комбинаты іске қосылды

 «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысында "РМЗ-Шапағат" ЖШС-ның үй құрылысы комбинатын іске қосты.

Құрылыс индустриясындағы тағы бір ерекше жоба - Қызылорда қаласындағы үй құрылысы комбинаты. Комбинат жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта үйлерін тұрғызады. Үй салуда комбинат сапалы әрі қауіпсіз неміс технологиясын пайдаланады. Біркелкі тұрғын үйлер тұрғызуды тоқтатып, тұрғын үй сәулеті мен фасадтарының тартымды болуына мән береді.

«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің қатысуыңызбен «Үй құрылысы комбинатын» іске қосуға дайынбыз. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бағдарламалар көмегімен қаржылық қолдау және лизингке шетелден құрал-жабдықтар алынды. Жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта (панель) үйлерін салатын боламыз. Бұл - құрылыс нысанын үнемді және қысқа мерзім ішінде аяқтауға септігін тигізеді. Құрметті Елбасы, жасалып жатқан қолдау мен қамқорлыққа ұжымның атынан үлкен алғыс білдіремін. Сізден комбинатты іске қосуға рұқсат сұраймын», - деді «РМЗ-Шапагат» ЖШС Бас директоры Мұратбек Жақанов.

 Ақмола облысында жел электр стансасы іске қосылды

 «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысында  жел электр стансасын іске қосуға рұқсат берді.

Ақмола облысының Ерейментау қаласында тұңғыш  жел электр станциясы салынды.   Бұл - Арқаның  тынымсыз  соққан  желін  пайдаланып, қыруар қуат көзін өндіретін теңдессіз жоба. Өндірістік жел электр станциясы өңірдің энергия тапшылығын төмендетеді. Қоршаған ортаға зиянсыз. Сондай-ақ, отын-энергетика қорының жалпы шығынын азайтады. Алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» нысандарын  жаңартылған энергия көздерімен қамтамасыз етуге  қатысады. Бұл - Қазақстандағы  өндірістік ауқымдағы   алғашқы  жел электр станциясы.

«Құрметті Елбасы! Өткен жылы Сіз Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші өнеркәсіптік жел паркін құруға рұқсат бердіңіз, бүгін сол жобаның табысты іске асырылуын және іске қосуға дайындығын баяндаймыз. 45 МВт таза электр қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Компанияның жоспарында қуаттылығы 300 МВт-қа дейін жететін бірнеше кезеңнен тұратын жобалар бар», - деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Молдабаев.  

Мемлекет басшысы бүгінде барша әлем атмосфераның ластануына қарсы күрес жүргізіп жатқандығын айта келе: «Біздегі «ЭКСПО-2017» көрмесі жаңа энергетиканың негізі болмақ. Бұл 45 МВт-ты ірі жоба. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз»,-деді.

 

Президент Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын іске қосты

 «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысы «Ақтау солтүстік теңіз терминалы» ЖШС Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын іске қосты.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Республикасының көлік инфрақұрылымын дамыту елдің транзиттік әлеуетін арттыратын бағыттардың бірі және қазақстандық тауарларды халықаралық нарыққа шығаратын басты шарттардың бірі болып саналады. Бүгінде Ақтау портының қуаттылығын арттыру жөніндегі Сіздің жеке тапсырмаңыз орындалды деп сеніммен айта аламыз», - деді  «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ директоры Михаил Ялбачев. 

Оның хабарлауынша, солтүстік терминалды іс жүзінде жүзеге асыру жұмыстары басталды. Өте қысқа мерзімде салынған  порттың инфрақұрылымы порттың өткізу қуатын жылына 3 тоннаға дейін арттырады.

«Баяндамаларыңыз үшін рахмет. Ақтау теңіз портын кеңейту, әсіресе, солтүстік терминалдың кеңеюі өте маңызды жоба. Қазір Иран арқылы Парсы шығанағына қарайғы теміржолдың құрылысы аяқталған тұста, біз астығымыз үшін жаңа нарыққа жол ашып отырмыз», - деді Мемлекет басшысы өндірісті іске қосуға рұқсат бере отырып.

 Астанада дизель қозғалтқыштарын жөндейтін зауыт ашылды

 «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында орналасқан «Астана Дизель Сервис» ЖШС дизельді қозғалтқыштар шығаратын зауытты іске қосуға рұқсат берді.

«Теміржол машина құрылысын одан әрі дамыту бағдарламасының аясында зауыт американың General Electric компаниясына тиесілі технология бойынша шығатын Evolution сериялы локомотивтерге арналған 12 цилиндрлі дизель қозғалтқыштарына жоғары сапалы қызмет көрсетеді және оларды күрделі жөндеуден өткізеді, сондай-ақ, осы қозғалтқыштарды құрастырады»,-дей келе, «Жаңа және импортты алмастыру өндірісін дамыту орталығы» ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының директоры Вадим Шақшақбаев Мемлекет басшысының алдында зауытты іске қосуға рұқсат сұрады.

Оның айтуынша, зауыт қызметкерлері АҚШ-тағы General Electric компаниясының кәсіпорындарында оқудан өткен. Бұл заманауи зауыт - еліміз бойынша осындай қозғалтқыштар шығаратын алғашқы зауыт.

«Бұл - Қазақстан үшін жап-жаңа инновациялық өнім болып саналады. Мен Нью-Йоркте General Electric компаниясының өкілімен кездескен болатынмын. Қазір, осы жерде де (Тәуелсіздік сарайында) осы компанияның өзге өкілі отырғанынан хабардармын. Сондықтан, Қазақстан үшін өте маңызды әрі техникалық инновациялық жобаның іске қосылғанына қуаныштымыз»,-дей келе Мемлекет басшысы зауыттың іске қосылуына рұқсат берді.

Жалпыұлттық телекөпір барысында БҚО-да электр стансасы іске қосылды

 «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысындағы электр стансаны іске қосты.

«Газ-турбиналық электр стансасы да таза энергетикаға жатады. Еліміздің батыс өңірін өзіміздің энергиямен қамтамасыз етудеміз және импорттан бас тартудамыз. Бұл нысанды іске қосыңыздар. Жұмыстарыңыздың табысты болуын тілеймін!» - деді ҚР Президенті.

Атап айтқанда, Батыс Қазақстан өңірі де жаңартылған энергия көздерін өндіруге басымдық берді. Қуаттылығы 100 МВт  газ-турбиналық электр стансасы өңірді сапалы қуат көзімен  қамтып, Ресей энергиясына тәуелділікті  жояды. 70 жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді.  Жоба сәтті іске асса, Батыс Қазақстан облысында жұмыс істейтін  жеке секторлар мен бизнес өкілдерінің,  ірі компаниялардың   электр энергиясына жұмсайтын  шығыны азайып, тариф тұрақталады. Өнім Ресейге экспортталады.   

«Аталған жобада электр энергиясын өндіру үшін General Electric, ABB, Siemens секілді әлемдік алдыңғы қатарлы компаниялардың жабдықтары пайдаланылуда. Нысанның құны 28  млрд. теңгені құрап отыр. Газ-турбиналық электр стансасы Батыс Қазақстан облысындағы тұтынушылардың энергияны сақтаудағы сенімділігін арттырады», - деді «Батыс Пауэр» ЖШС бас директоры Жасұлан Жақыпов.

Мемлекет басшысы Бозшакөл және Ақтоғай кен кешендерін іске қосты

Жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "KAZ Minerals" тобының құрамына кіретін Бозшакөл кешені мен Ақтоғай кен байыту кешендерін іске қосуға рұқсат берді. 

«Бүгін біздің компанияның ғана емес, еліміздегі мыс индустриясы үшін айтулы күн. Павлодар облысы Қазақстанның жаңа мыс өлкесі атанып келеді. Біз қысқа мерзім ішінде өндірісі жоғары әлемдік деңгейдегі тау-байыту кешенін салып шықтық. Бірінші кешен жылына 30 миллион тонна кен қазып, қайта өңдеп шығарады. Бұл дегеніміз - қазір Жезқазған аймағы түгел шығарып отырған кен өндірісінен әлдеқайда көп. Оның үстіне, Бозшакөлде бар болғаны бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады, яғни, өндірістің өнімділігі Қазақстандағы қазіргі мыс өндіретін кәсіпорындармен салыстырғанда 15 есе артық болады. Яғни, өндірісте ең соңғы үлгідегі тау-кен техникасы пайдаланылады деген сөз. Кәсіпорынның жеке қуатты тау-кен техника паркі құрылған. Ал, жақын жылдарда Шығыс Қазақстан облысындағы екінші жобамыз - Ақтоғай кен байыту кешенінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, Ақтоғайда қазірдің өзінде қышқыл кен өңдеу жөніндегі кешен жұмысын бастауға дайын. Және бүгін Ақтоғай кен байыту кешенінен алғашқы катодты мыс алғанымызды қуана хабарлаймын. Компаниямыздың барлық қызметкерлерінің атынан тау-кен саласы мен жаңа жобаларға деген Сіздің ерекше қолдауыңыз үшін алғыс білдіреміз! Біз Бозшакөл кешенінің құрылысын аяқтадық. Енді іске қосу және реттеу жұмыстарын бастауға рұқсат етіңіз!» - деп хабарлады телекөпірге қосылған «KAZ Minerals» тобының Басқарма Төрағасы Олег Новачук.

«Компания мен ең ірі металлургиялық кешеннің әрбір қызметкерін құттықтаймын. Өздеріңіз білесіздер, отандық кен өндірісі - біздің елдегі металлургияның басы болып саналады. Қазақстандағы кен өндірісі жойылады деп ойлаған шақтар болды. Қазір бұл сала жаңа даму сатысын аттағалы тұр. Ал, Ақтоғай Шығыс Қазақстанда жаңа өнеркәсіпке жол ашады. Бұл екі өндіріс Тәуелсіздікке тамаша тарту болайын деп тұр», - дей келе Мемлекет басшысы екі өндірісті іске қосуға рұқсат берді.

Барит өңдеуге арналған өндірістік кешен жұмысын бастады

 «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба -  «Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешенін іске қосуға рұқсат берді.

«Karazhal Operating» ЖШС Барит концентратын өндіру кешенінің құны 6 млрд. теңге. Шамамен 100 адамды жұмыспен қамтиды. 

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жобаға 28 млн. доллар құйылған. Өндірістің бірінші кезеңінің қуаттылығы жылына 200 мың тонна барит концентраты. Дайын өнімнің 70 пайызы ТМД елдеріне экспортталады. Өндіріс жұмысын бастауға дайын», - деді телекөпір барысында байланысқа шыққан «Karazhal Operating» ЖШС Бас директоры Жұмабек Жанықұлов.

«Барит концентратының өндірісі мұнайлы Қазақстан үшін маңызды өнім. Оның үстіне, бұл өнімді Ресей мұнайшыларына экспорттаймыз және бұл экспортты біз күткен едік. Ал, «Қаражал» тау-кен байыту комбинаты - Ресей Федерациясымен бірлескен маңызды жобамыз. Қателеспесем, құны 1 млрд долларды құрайды. Екі нысан да өте маңызды», - дей келе ҚР Президенті екі өндірісті іске қосуға рұқсат берді. 

«Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешені Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба. Қаражал қаласының келешегі үшін аса маңызды кешен мұнай-газ саласындағы жетекші көшбасшы «Halliburton» компаниясымен бірлесіп жүзеге аспақ. Мақсат - мұнай-газ өндіруге қажет барит концентратын әзірлеу. «Бестөбе» мен болашағы зор басқа да кен орындарында барит өндіру. Өнім Қазақстаннан басқа Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан елдеріне экспортталады.

Өндірісті жаңғыртуды 2010 жылы қолға алмағанда бүгінгі жаһандық дағдарыс салдары біз үшін бұдан да қиын болар еді - Н.Назарбаев

Өндірісті жаңғыртуды 2010 жылы қолға алмағанда бүгінгі жаһандық дағдарыс салдары біз үшін мұнан да қиын болар еді. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Біз  - бәсекеге қабілетті 30 дамыған елдің санатына қосылу үшін шикізаттық бағдарламадан арылып, өңдеу жолына түскен елміз. Оны мен өз Жолдауымда айтқан едім. Біз 2010 жылдан бастап Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асырып келе жатырмыз. Өндірісті жаңғыртуды сол кезде қолға алмағанда бүгінгі жаһандық дағдарыс салдары біз үшін мұнан да қиын болар еді», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, әлемнің көптеген мемлекеттерінде, тіпті дамыған елдердің өзінде өңдеу өнеркәсібінің кері шегінуі байқалып отыр. Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сәйкес, бұл саладағы Қазақстанның бұл саладағы өнім көлемі  2008 жылғы 17 млрд. доллардан 24 млрд. долларға дейін өскен.

«Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдер сыртқы нарыққа шығып, Қазақстанның атағын шығарып жатыр. Өнімдеріміз әлемнің 111 мемлекетіне шығарылып, сатылатын болды. Жаһандық экономикадағы қиындықтарға қарамастан еліміздегі өңдеу өнеркәсібі табысты жұмыс істеп жатыр», - деді Елбасы.

Н.Назарбаев: Қазақстан алғаш рет әлемдік экспортшылардың ТОП-50 қатарына кіріп, 43-орынды иеленді

Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Ең алдымен жаңа индустриалды жобаларды құрушылардың барлығын олардың еңбек жеңістерімен тағы бір мәрте құттықтап, оларға табыс, зор денсаулық тілегім келеді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы бүгінде тарихқа айналды. Бірақ, екінші 5 жылдық жоспардың алғашқы жылдарының нәтижесі бұл бағыттағы елімізде барынша ауқымды жұмыстар жүргізілгендігі жайында айтуға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті осы жылдар ішінде елімізде зор жұмыстар атқарылып, еліміздің экономикасы айтарлықтай ілгерілегендігін айтты.

 «Ағымдағы жылы Қазақстан алғаш рет әлемдік экспортшылардың ТОП-50 қатарына кіріп, 43-орынды иеленді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық экспорт көлемі Орталық Азиядағы барлық өңірдің жиынтық экспортынан 30 пайызға артық болды. Негізінен олар - орта кәсіпорындар»,- деді Мемлекет басшысы.

Елбасының атап өтуінше, Қазақстан экспортының төрттен бірін дайын және өңделген өнім құрайды. «Бұл - ендігі уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі ретінде Қазақстанның табысты ілгерілеуі үшін маңызды көрсеткіш», - деді Н.Назарбаев.

 Қазақстан ғылымды қаржыландырудың басымдықтарын өзгертуі керек - ҚР Президенті

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ғылымды коммерцияландыру ісін үдетіп, ғылыми жобаларды қаржыландырудың басымдықтарын өзгертуі керектігін атап өтті..

«Индустрияландырудың инновациялық құрамын - отандық ғылымды дамыту бағытын индустрияны күшейтуге жұмсау керек. Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың әдіс-тәсілдері мен басымдықтарын өзгертуіміз керек», -деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, Қазақстан ғылыми жобаларды коммерцияландыру бағытында көштен қалып келеді.

«Ғылыми жобаларды коммерцияландыруды үдету керек, себебі, осы сала бізде ақсап келеді. Үкімет пен жоғарғы оқу орындары, бизнес компаниялары осыған назар аударуы керек. Өнімділік пен сапаны ғылымсыз дамытуға болмайды. Яғни, бұл ғылымды дамытпасақ, экспортқа да шыға алмаймыз деген сөз», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы: Алдағы 5 жылда еліміздің өңдеу саласындағы өнім көлемі 24 млрд. долларға артады

Алдағы 5 жылда еліміздің өңдеу саласындағы өнім көлемі 24 млрд. долларға артады. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

ҚР Президентінің атап өтуінше, Дүниежүзілік банк мәліметтеріне сәйкес, алдағы 5 жылда еліміздің өңдеу саласындағы өнім шығару көлемі 24 млрд. долларға дейін артатын болады. Ағымдағы жылғы теріс ықпалдарға қарамастан Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі біршама өсім көрсетеді. «Бұл толықтай алғанда ұлттық экономика өсімінің оң қарқынын қысқартпауға көмектеседі», - деді ҚР Президенті. 

Мемлекет басшысының айтуынша, ағымдағы жылы 120 индустриалды жоба жүзеге асырылатын болады. Олар метталлургия, химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясын қамтиды. «Индустрияландыру біздерге еңбек өнімділігін арттыруға шынайы мүмкіндік береді Біз еліміздің алдына қойылған 10 жылдың ішінде өнімділікті 2 есе арттыру міндетін жүзеге асыруға жақындап қалдық. Бұл кезеңде біз 1,6 есеге қол жеткіздік. Яғни, табысты ілгерілеп келеміз, бұл - қуантарлық жайт», - деді Н.Назарбаев.

ҚР Президенті еңбек өнімділігі, экспорт көлемі және инвестициялар тарту көрсеткіштеріне ерекше мән беруді тапсырды

Индустриалды-инновациялық  дамудың мемлекеттік бағдарламасын өзгерген жаһандық трендтер негізінде өзектендіру маңызды. Бұл туралы бүгін «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Индустриалды-инновациялық  дамудың мемлекеттік бағдарламасын өзгерген жаһандық және ішкі трендтер негізінде өзектендіру маңызды. Атап айтқанда, индикаторлар көлемін қысқарту керек. Жолдауда атап өткенімдей, бізде басты көрсеткіштер үшеу ғана, яғни еңбек өнімділігі, экспорт көлемі және инвестициялар тарту»,-деп тоқталды Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы үш көрсеткішке назар аударып, осыларды талап етіп, бұл тұрғыда тиісті бағалау жүргізу керектігін тапсырды.

Айта кетейік, жалпыұлттық телекөпір барысында Н. Назарбаев еліміздің өңірлеріндегі бірқатар жаңа жобаларды іске қосты.

 

Телекөпір барысында қосылған жобалар ел экономикасына қосымша 270 млрд. теңге кіріс әкеледі - ҚР Президенті

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

«Бүгінгі телекөпір барысында біз 16 жобаның іске қосылғанын бақыладық, оларда 3300 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады», - деді Елбасы.

Осы ретте Мемлекет басшысы аталған кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтарды жаңа жұмыс орындарымен құттықтады.

«Олар Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің 8 басымдықты саласында жүзеге асырылып отыр. Екі кәсіпорынның әрқайсысы жыл сайын орташа есеппен 81 млрд. теңгенің өнімін өндіретін болады. Ең төменгі есептеулердің өзінде бұл жобалар біздің экономикамызға қосымша 270 млрд. теңге кіріс әкеледі», - деді Н.Назарбаев.

Н.Назарбаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарын табыс етті

Жалпыұлттық телекөпірден соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттады.

Сонымен, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында Павлодар облысының «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС лауреат атанып, кәсіпорынның президенті Владимир Ким Елбасының қолынан "Алтын сапа" сыйлығын алды.

Сондай-ақ, Президенттік арнаулы «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» ЖШС топ жарып, «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Компания телекоммуникациялық және желілік құрылғыларды, сондай-ақ сәйкес бағдарламаларды шығарады. Өз өнімдерін Түркіменстанға экспорттайды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» сыйлығының Гран-приі «Самрұқ Энерго» акционерлік қоғамына тапсырылды. Компанияның басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев ҚР  Президенті Н.Назарбаевтың қолынан «Парыз» сыйлығын алды. Бұл компания демеушілік және қайырымдылық мақсатта жалпы көлемі 1 млрд. 171 млн. теңге болатын жобаларды қаржыландырған. Мыңдаған ағаш түрлерін отырғызып, экологиялық ортаны жақсартуға өз үлесін қосқан.

Индустрияландырудың 1-ші бесжылдығында Ұлттық банкі 76 тонна отандық алтын құймалар сатып алды - Елбасы

Индустрияландырудың 1-ші бесжылдығында Ұлттық банкі 76 тонна отандық алтын құймалар сатып алды. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

ҚР Президентінің айтуынша, бірінші бесжылдықытң қорытындысына сәйкес өңделмеген алтын өндірісі 50 тоннаға дейін артып 2 есеге жуық өсім көрсеткен.

«Елде өндірілген барлық алтынның 90 пайызы өзімізде өңделеді. Елдің Ұлттық банкі осы жылдар ішінде 76 тонна отандық алтын құймаларын сатып алды. Мұның барлығы да біздің қорымыздың қазақстандық алтын қоры болып табылады», - деді Елбасы.

 ИИДМБ нысандары 5,4 трлн. теңгенің өнімін шығарды

Индустрияландыру барысы еліміз экономикасының технологиялық модернизациясына лайықты бастау жасауға мүмкіндік берді. Бұл туралы «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Жалпы, индустрияландыру барысы еліміз экономикасының технологиялық модернизациясына лайықты бастау жасауға мүмкіндік берді. Егер де жалпы қорытындысы жасайтын болсақ, алты жылда 890 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар іске қосылды, тұрақты 85 мың жұмыс орны құрылды»,-деп тоқталды Елбасы.

Осы орайда Президент 890 кәсіпорынның құрылысына 3,8 трлн. теңге салынғанын, ал олар өз кезегінде  5,4 трлн. теңгенің өнімін шығарғанын атап өтті. Мемлекетке 3 трлн. теңгеге жуық салық төлеген.

«Бұл кәсіпорындар жылына  1 трлн. теңге көлемінде өнім экспорттап отыр. Бұл маңызды және осы жетістіктермен баршалараңызды құттықтаймын. Біз осы жұмыстарды жалғастырамыз», - деп түйді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы жастарды жаңа кәсіпорындардың құрылысына қатысуға шақырды

«Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірді қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды жаңа кәсіпорындардың құрылысына атсалысуға шақырды.

«Экономиканың жаңа бағыттары үшін технологиялық негіз қалыптастыруымыз қажет. Бұл мәселеде - негізгі драйвер - трансұлттық корпорациялар болуы керек. Сонымен қатар, жоғары технологиялы старт-ап компаниялардың санын арттыру керек», - деген Елбасы қазақстандық кәсіпорындардың барлығын Отанымыздың индустриялық қуатын арттыруға шақырды.

«Құрметті отандастар! Бүгін жаңа индустриялық жобаларға бастау бере отырып, біз халқымыздың басты мерекесі - Тәуелсіздік күні  қарсаңында Қазақстан халқына сый жасап отырмыз. Бүгін мен отандық кәсіпорындардың барлығын тағы да бір рет Қазақстанның индустриялық қуатын арттыруға белсене атсалысуға шақырамын. Бұл - біздің болашағымыз. Индустрияны дамыту арқылы ғана біз өзге елдердің көшіне ілесе аламыз. Ал, жастарды жаңа кәсіпорындардың құрылысына қатысуға шақырамын. Бұл уақыт талабы. Ал, бүгін экономикалық әлеуетімізді жаңа өндіріспен толықтырған, кәсіпорындар туралы жіті баяндаған сіздерге, кәсіпорынды салған, оны пайдалануға берген қызметкерлердің барлығына, аймақ әкімдіктеріне  алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, қазақстанның қуатты мемлекет болуына барлығымыз үлесімізді қосайық. Мәңгілік еліміздің мерейі үстем, айбыны асқақ болсын! Істеріңіз ілгері болсын!» - деді Елбасы сөзін қорытындылай отырып.

Н. Назарбаев: Экономиканың сервистік-индустриалды моделіне үдемелі көшу маңызды

Қазіргі кезде экономиканың сервистік-индустриалды моделіне үдемелі көшу керек. Бұл туралы «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Экономиканың сервистік-индустриалды моделіне үдемелі көшу маңызды. Сапалы дамуға бір-біріне байланысты секторлар, кәсіби қызметтер, инжиниринг, жоғары технологиялық сервистік логистика қол жеткізуі керек», - деді Президент.

Қостанайда шығарылып жатқан автокөліктің құны шамамен үш миллион теңге тұрады.

 «Көліктің құнында тек металды жинақтан ғана тұрмайды, яғни оны алып келу керек, зауыттарда қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілік етеді. Автомобиль құнынының 20-30 пайызы халық жұмыс істеп жатқан сервистік қызметтерге тиесілі. Сондықтан да мен сервистік- индустриалды саясат жайында айтып отырмын, себебі, дәл осы жерлерде жұмыс орындары құрылады», - деді Мемлекет басшысы.

Жекешелендіруге Қазақстан бизнесмендері белсенді қатысуы керек - Мемлекет басшысы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымынша, қаржылық жүйені оңтайландыру экономиканың нақты секторын ұзақ мерзімді қолжетімді несиелендіру мақсатын көздеруі тиіс. Бүгін «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірден кейін ҚР Президенті осылай мәлім етті.

«Біз экономикалық бәсекелестік үшін, индустриалды дамуда шағын және орта бизнестің қатысуын кеңейту тұрғысында жаңа жағдайларды жасау үшін кең ауқымды жекешелендіруді жүргізудеміз. Біз осы жекешелендіруді ашық әрі әділ, жария түрде өткіземіз және оған отандық, сондай-ақ шетелдік инвесторларды шақырамыз. Сондықтан өткен жылдарда қор жинаған біздің бизнесмендер осы шараға белсенді қатысуы қажет»,-деді Президент.

Жастар өздерінің жағдайын жасау үшін бірінші мамандықты алуға тырысуы керек - Президент

Жастар өздерінің жағдайын жасау үшін бірінші мамандықты алуға тырысуы керек. «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірден кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Барша әлемдегі мақсат - ол жұмыс орындарын құру. Бұл бүкіл әлем үшін проблема болады. Неліктен барлығы қоныс аударуда, яғни бүгінде бүкіл Еуропа не үшін шайқалып жатыр? Себебі, адамдарда өз отандарында жұмыстары жоқ. Бұл тұрғыда олар отбасы мен балаларын қалай асырай алады? Біздің құруымыз тиіс жұмыс орындары мемлекеттің басты мақсаты. Адамның міндеті осы орнында қызмет ету, отбасын асырау және өзінің туған мемлекетін қолдау»,-деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Н. Назарбаев «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру»  жобасы туралы айта келе, бүгінде баршасына бірінші мамандықты тегін оқытатын мемлекет жоқ екенін жеткізлді.

«Мектепті тәмамдағаннан кейін жұмыс істегің келсе, мемлекет керекті мамандықты ақысыз меңгеруге мүмкіндік береді. Жастар өздерін қауіпсіздендіру үшін бірінші мамандықты алу үшін ұмтылуы керек. Бұл маңызды әлеуметтік жоба деп пайымдаймын»,-деді Елбасы.

ҚР Президенті ресейлік бизнеспен ынтымақтастықты нығайтуға шақырды

Жалпыұлттық телекөпірден кейін Елбасы осылай мәлім етті.

«Үлкен перспективалар Ресей Федерациясымен өзара іс-қимылды күшейтуге байланысты. Оны  алдыңғы қатарды ресейлік компаниялармен ынтымақтастық желісі бойынша кеңейтумен қатар, біз жыл сайын айналысып отырған өңіраралық ынтымақтастық аясында өрістету керек»,-деді Президент. 

Осы орайда Елбасы Үкімет пен әкімдіктер еуразиялық интеграция мүміндіктерін пайдаланып, осы бағытты кеңінен игеруі тиіс екенін атап өтті.

«Дағдарысқа қарамастан, көптеген шетелдік компаниялар біздің елдегі өндірістерін кеңейтуде. Бүгінде, 30 компания қайта инвестициялау сатысында. Оның ішінде, 6 компания өндірісін бастап кетті»,-деді Н. Назарбаев.

2015 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанға 7,5 млрд. доллар инвестиция тартылды

Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанға 7,5 млрд. доллар инвестиция тартылды. «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Жаңа индустриалды саясаттың мақсаты - индустриаландырудың жобаларына топталу. Биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанға 7,5 млрд. доллар инвестиция тартылды. Жыл қорытындысы бойынша екі есе болады деп үміттенемін»,-деді Н. Назарбаев.

Осы орайда Президент биыл қиын жыл болғанын айта келе: «Егер де осы жылы осындай көлемде инвестиция тарсақ, онда елімізге сеніммен (инвесторлар) қарайтындығы көрініп тұр. Бізде заңдар тұрақты, келісімшарттар тұрақты, еліміз тұрақты, сондай-ақ барша әлемде сый-құрметке иеміз»,-деді.

Мемлекет басшысы ҚХР, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Түркия, Үндістан, Жапония және өзге де негізгі инвестор елдермен келісімдер жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.

 «Қазіргі кезде 40 млрд. долларға тарта қаржыға 120 жаңа жоба пысықталып жатыр. Бізге тек жұмыс істеп, игеру қажет»,-деді Елбасы.

Телекөпір барысында
Елбасы 18 жоба іске қосылды. Н. Назарбаевтың айтуынша, ең төменгі есептеулердің өзінде бұл жобалар біздің экономикамызға қосымша 270 млрд. теңге кіріс әкеледі, сондай-ақ 3300 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады.

Елбасының  қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған жобалар:

Павлодардағы коксты қайта өңдеу бойынша мұнай-химия өндірісі. Қазақстанның  ешбір кәсіпорнында кездеспейтін  жаңа  қондырғы  Павлодар  мұнай-химия зауытынан алынатын  шикі мұнай коксын 1250-1350°С дейін қыздырады. Өнімді  алюминий шығаратын Қазақстан электролиз заводы  тұтынып, Қытай коксына  тәуелді болмайды. Алдағы уақытта қыздырылған мұнай коксы Ресей  мен Қытайға  экспортталады.  

Алматы  облысындағы  жаңа фармацевтикалық  зауыт.  Фармацевтикалық  зауыт GMP стандарттарына сай  дәрілік препараттар шығарады. Зауыт  түрік фармацевтика  секторының  үздігі - АБДИ ИБРАХИМ  компаниясына тиесілі.  Кәсіпорын   дәрілік өсімдіктерге  бай  Қазақстанның  дәрі-дәрмекті сырттан тасуын  азайтып, фармацевтика дамуын 10 пайызға арттырып, жетекші елдер қатарына енуге мүмкіндік береді. Зауыт шығаратын қан қысымын төмендететін және  туберкулезге қарсы препараттар,  қандағы  қант құрамын төмендететін дәрілер мен  жаңа  антивирустық препараттар  сапалы әрі қауіпсіз. Өнім экспортқа да бағытталған.    

Ақтөбе облысындағы Ет өңдеу комбинаты. Ет өңдеу комбинаты 10 000 ірі қара малы бар «Актеп» серіктестігінің мал бордақылайтын алаңына жақын орналасқан. Мал соятын өндірістік цехта жаңа технологиямен жоғары сапалы мұздатылған ет өндіріледі. Әлемдік талапқа сай өнімнің басым бөлігі Ресейге экспортталады. Кәсіпорын  сағатына 15 бас,  ауысымда 105 бас, жылына 32 мың бас ірі қара етін өңдейді.

Атырау облысындағы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС жүн өнімдері өндірісі. Атыраудағы  жүн өнімдерінің алғашқы өндірісі - түйе және қой жүнін бастапқы өңдеуден дайын тоқыма  өнімдеріне дейін жеткізетін  бірегей жоба.  Ішкі нарық қажеттілігін өтейтін өнімдердің сапасы өте жоғары. Жүннен тоқылған бұйымдар табиғи таза, жайлы және жеңіл. Өндіріс мал жүнін кәдеге  жаратып қана қоймай,  өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын  жақсартады. Фабрикада жылына 100 тонна түйе жүнін және 350 тонна қой жүнін өңдеу мүмкіндігі бар. Өндірілген жүннен 400 мың метр дайын өнім шығарылатын болады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы тез пісетін тағамдар өндірісі.   Зауыт Қазақстан үшін жаңа өнімнің 25 атауын өндіретін болады. Ол ішкі нарықты қамтамасыз етуге және өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Жобаға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау жасалды.  

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Әлем БТ» ЖШС-ның дайын тоқыма бұйымдары өндірісі. Фабрика жоғары сапалы шұлық өнімдерін шығарады. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 30 пайызы  Ресей, АҚШ және  Кореяға  экспортталады. Шұлық шығаруға қажет шикізат арнайы экономикалық аймақта орналасқан тоқыма кәсіпорындарынан тапсырыспен алынады. Жоба «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске асырылды. Бүгінде, құны 28 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 2144 адам жұмыспен қамтылған. 

Қостанай облысындағы "Жас қанат-2006" құс фабрикасы жаңғыртудың жаңа кезеңіне көшті.  Құс фабрикасына республикада  баламасы жоқ көп қатарлы тор жабдықтары  қойылды.  Құны 1 млрд. теңге тұратын  жоба  аясында жылына 250 млн. жұмыртқа алу  жоспарланып отыр. Жаңа жабдық еңбек өнімділігі мен өндіріс қуатын арттырады. Фабрикада тұрақты жұмыс орындары ашылып, Рудный қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына ықпал етеді.

Алматыдағы «COLOR International Technologies» ЖШС-ның лак және бояу материалдары өндірісі. Алматы қаласындағы лак-бояу материалдарын шығаратын зауыт  ішкі нарықты толықтай қамтып, тауарды сырттан тасуды азайтады. Республикада баламасы жоқ өндіріс толық автоматтандырылып, еуропалық жоғары технология арқылы жылына 15 мың тонна бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнім шығарады.

 «ASTANA Ютария  Ltd»  инновациялық өндірістік компаниясы» ЖШС-ның "KazTexExpo" автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені. "ASTANA Ютария Ltd" инновациялық өндірістік компаниясы» отандық жеңіл өнеркәсіп үздіктерінің бірі. Бүгінде ол отандық кәсіпорындарды әлемге  әйгілі Zoje брендінің тігін машиналарымен толықтай қамтамасыз етеді. Бұдан былай республикада автоматтандырылған, шығыны аз, өнімділігі жоғары тігін машиналары шығарылады. Бір терезе қағидасы бойынша тігін машиналарын орнату, кеңестік қызмет көрсету, құжат дайындау жұмыстары қосымша жүргізіледі.  Сондай-ақ, фабрика тігін және трикотаж өнімдерінің бірнеше түрін шығарады. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін жобалауда инновациялық тәсілдер, бұйымдар жасауда нанотехнологиялар қолданылады. 

Ақмола облысындағы «Capital Projects LTD» серіктестігі бройлер құс фабрикасының 2-ші жобасы.Фабрика қуаты жылына 20 мың тонна салқындатылған құс еті мен 300 тонна терең қайта өңделген өнімді құрайды. Жоба Астана азық-түлік белдеуіне кіреді және елорданы 100 пайыз ет өнімдерімен қамтамасыз етеді, сонымен қатар республикаға әкелінетін ет импортын 15 пайызға қысқартады.

Қызылорда облысындағы "РМЗ-Шапағат" ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты. Комбинат жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта үйлерін тұрғызады. Үй салуда комбинат сапалы әрі қауіпсіз неміс технологиясын пайдаланады. 

Маңғыстау облысындағы «Ақтау солтүстік теңіз терминалы» ЖШС Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жобасы. Өте қысқа мерзімде салынған  порттың инфрақұрылымы порттың өткізу қуатын жылына 3 тоннаға дейін арттырады.

Ақмола облысындағы  жел электр стансасы. Өндірістік жел электр станциясы өңірдің энергия тапшылығын төмендетеді. Қоршаған ортаға зиянсыз. Сондай-ақ, отын-энергетика қорының жалпы шығынын азайтады. Алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» нысандарын  жаңартылған энергия көздерімен қамтамасыз етуге  қатысады. Бұл - Қазақстандағы  өндірістік ауқымдағы   алғашқы  жел электр станциясы. 45 МВт таза электр қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компанияның жоспарында қуаттылығы 300 МВт-қа дейін жететін бірнеше кезеңнен тұратын жобалар бар.

 «Астана Дизель Сервис» ЖШС-нің дизельді қозғалтқыштар шығаратын зауыты. Теміржол машина құрылысын одан әрі дамыту бағдарламасының аясында зауыт американың General Electric компаниясына тиесілі технология бойынша шығатын Evolution сериялы локомотивтерге арналған 12 цилиндрлі дизель қозғалтқыштарына жоғары сапалы қызмет көрсетеді және оларды күрделі жөндеуден өткізеді, сондай-ақ, осы қозғалтқыштарды құрастырады.

Батыс Қазақстан облысындағы электр стансасы. Қуаттылығы 100 МВт  газ-турбиналық электр стансасы өңірді сапалы қуат көзімен  қамтып, Ресей энергиясына тәуелділікті  жояды. 70 жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. 

 «KAZ Minerals» тобының құрамына кіретін Бозшакөл кешені мен Ақтоғай кен байыту кешендері. Бозшакөл кешенінде жылына 30 миллион тонна кен қазып, қайта өңдеп шығарады. Өндірістің өнімділігі Қазақстандағы қазіргі мыс өндіретін кәсіпорындармен салыстырғанда 15 есе артық болады. Кәсіпорынның жеке қуатты тау-кен техника паркі құрылған. Екінші жоба  - Ақтоғай кен байыту кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Дегенмен, Ақтоғайда қазірдің өзінде қышқыл кен өңдеу жөніндегі кешен жұмысын бастауға дайын. Ақтоғай кен байыту кешенінен алғашқы катодты мыс алған.

 «Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешені. «Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешені Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба. Қаражал қаласының келешегі үшін аса маңызды кешен мұнай-газ саласындағы жетекші көшбасшы «Halliburton» компаниясымен бірлесіп жүзеге аспақ. Мақсат - мұнай-газ өндіруге қажет барит концентратын әзірлеу. «Бестөбе» мен болашағы зор басқа да кен орындарында барит өндіру. Өнім Қазақстаннан басқа Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан елдеріне экспортталады.

Қаратаудағы «Еврохим-Қаратау» кешені. Кешен қуаттылығы жылына 640 тонна құрайтын фосфор ұнын шығарады. Жобаның құны 27 млрд. долларды құрайды.

Соңғы жаңалықтар