ШҚО тұрғыны полицейге пара бергені үшін ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының тұрғыны полиция қызметкеріне пара бергені үшін ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері 26 мамыр күні Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің тергеушісіне пара берген 43 жастағы ер адамды ұстады. Анықталғандай, ол өзінің «Ауди» маркалы көлігін қайтарып алу үшін тәртіп сақшысына ақша ұсынған. Бұның заңсыз әрекет екенін түсіндірсе де құлақ аспаған азамат полиция қызметкерінің жұмыс үстеліне 20 мың теңге қойған.

«Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған аудан тұрғыны ұрлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша күдіктінің бірі болған. Оның көлігі заттай айғақ ретінде тәркіленген. Ер адам сөз байласқан сыбайластарымен бірге ұрланған дүние-мүлікті осы көлікпен тасымалдаған», - дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.

Қазіргі уақытта ұсталған адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 1-бөлігі (пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Енді ол пара мөлшерінен жиырма еселенген айыппұл төлеуге міндеттеліп немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар