ШҚО тұрғындарының 20 пайызына коронавирус вакцинасы салынады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының 20 пайызына коронавирус вакцинасын салу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинация ақпан айында басталмақ. Ең алдымен вакцина медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге салынады.

«18 жастан асқан барлық адамдар коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауға жатады. Екпе вакцинаның түсуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізіледі. Ең алдымен, инфекцияның таралу қаупі жоғары халықтың ең осал тобы – жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері мен ауруханалардың қабылдау бөлмелеріндегі медицина қызметкерлеріне вакцина егіле бастайды. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, арнайы-орта оқу орындарының, университеттердің педагогтары, ал үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар өтеді», - деп хабарлады ШҚО денсаулық сақтау басқармасы.

COVID-19-ға қарсы вакцинация ерікті негізде ғана жүргізіледі. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес азаматтар профилактикалық вакцинациядан бас тартуға құқылы.

Айта кетейік, Қазақстанда тіркелген барлық вакциналар медициналық ұйымдарға түспей тұрып, олардың қауіпсіздігі мен сапасына тексеру жүргізіледі. Бұл нарыққа тек тиімді және қауіпсіз вакциналардың жіберілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, биыл Шығыс Қазақстан тұрғындарының 20%-ына COVID-19-ға қарсы вакцина егу жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар