ШҚО полициясында 10-нан астам Тәуелсіздік құрдасы еңбек етіп жүр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Еліміз Тәуелсіздік алған жылы дүние есігін ашқан сәбилер бүгінде 29-ға келді. Орда бұзар отызға таяған жастар өздері қалаған мамандығын меңгеріп, туған өлкесінің дамуына үлес қосып жүр. Оның ішінде құқық қорғау органында еңбек етіп, халықтың қауіпсіздігін күзетіп жүргендер де аз емес. ҚазАқпарат тілшісі бірқатар Тәуелсіздік құрдастарымен тілдесіп қайтқан еді.

Азамат Қоныспаев, полиция капитаны:

- 1991 жылы егемендігімізді алып, ел еңсесін тіктей бастаған кезде дүниеге келдім. Полиция қызметкері болу – менің бала күнгі арманым еді. Қазірде азаматтарға қолымнан келгенше көмектесіп жүрмін. Бұл қызметті таңдағаныма еш өкінбеймін. Біздің ең басты міндетіміз – ашықтық, жеделдік және халықпен тығыз байланыс орнату.

Азамат Өскемен қаласы полиция басқармасының Ертіс полиция бөлімінде учаскелік инспектор болып жұмыс істейді. Көптеген қылмыстың алдын алып, жемісті еңбек етіп келеді.

Өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақта қоғамдық тәртіптің сақталуын жіті қадағалауда. Оның күнделікті жұмыс күні өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақты шолудан басталады.

Есік алдына қоқыс тастағандарды, көпшілік орындарда ішімдік ішкендер мен темекі шеккендерді де тәртіпке келтірумен айналысады.

Бұл - оның алты жылдан бері атқарып келе жатқан қызметі.

Әйгерім Бақтиярова, полиция капитаны:

- Тәуелсіздік құрдасы ретінде үлкен жауапкершілікті сезінемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Егеменді еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі жастар», – деген еді. Демек, Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда. Сондықтан елімізді, жерімізді көркейтіп, өз үлесімізді қосу – парызымыз. Бүкіл қазақ елін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Қазақстанымыздың көк байрағы мәңгі желбіресін!

Әйгерім Өскемен қаласы полиция басқармасының Ертіс полиция бөлімінде тергеуші. Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Бобровка ауылында дүниеге келген.

Құқық қорғау органында ер адамдармен иық тірестіріп қызмет етіп жүр. Ол өзіне жүктелген міндеттерге зор жауапкершілікпен қарап, қызметін абыроймен атқарып келеді.

Айдын Мырзағали, полиция аға лейтенанты:

- Полицей – халықтың қорғаны. Біздің міндетіміз – Отанға адал қызмет ету. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Соған орай, мемлекет тарапынан құқық қорғау органдары қызметкерлеріне көп қолдау көрсетіліп отыр.

Айдын - Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тумасы. Өскемен қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы.

Әсем Сұраужанова, полиция аға лейтенанты:

- Жарық дүниеге тәуелсіз елдің алғашқы азаматтарының бірі болып келу бақыты маңдайыма жазылыпты. Сол үшін ата-анама алғысым шексіз. Осы айтулы күнде өмірге келу маған мақтаныш сезімімен бірге, үлкен жауапкершілік жүктейтінін ес біле түсіндім. Жас мемлекетіміздің тәй-тәй басып, аяғынан нық тұруы менің де бойжетіп, өмірдің қыр-сырын тануыма, азаматтық көзқарасымның қалыптасуына әсер етті. Есімді білгелі әкем ішкі істер органында қызмет атқарды. Содан болар, қоғамда болып жатқан әр өзгерістерден хабардар болып отырдық. Әсіресе оның шен таққан формасына қызыға қарайтынмын. Кішкентайымнан «Өскенде әкем сияқты тәртіп сақшысы боламын!» деп армандайтынмын. Сол арманым мені адал әрі жанашыр болуға, Отанымды қалтқысыз сүюге үйретті. Бала болсам да Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін, ата-бабамыздың қаны мен көз жасының, төккен терінің салмағын сезіп өстім. Осы 29 жылда елімізде тыныштық орнап, талай игі реформалар жүзеге асты. Қазақстан өзге елдер мойындаған, беделді мемлекеттердің біріне айналды. Ел болашағы біз сияқты жастардың қолында.

Әсем Өскемен қаласы полиция басқармасының Үлбі полиция бөлімінде кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша учаскелік инспектор.

Ішкі істер органында 2015 жылдан бастап қызмет етіп жүр.

Айдын Нұрсапанов, полиция аға лейтенанты:

- Тәуелсіздіктің құрдасы болу маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда әр қадамды ойлап басып, жасар ісің мен айтар сөзіңе мұқият болу керек деп ойлаймын. Біз алдымен тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегендігін, егемендік жолында талай ата-бабаларымыздың қанын да, жанын да аямағандығын түсінуге тиіспіз.

Айдын - Өскемен қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы. Ішкі істер органында 2014 жылдан бері қызмет атқарады.


Соңғы жаңалықтар