ШҚО полицейлері жоғалған 19 жылқыны иесіне қайтарды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жоғалған 19 бас жылқыны иесіне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасын жүргізді. Соның нәтижесінде қараусыз жайылып жүрген 750-ден астам мал айып тұрағына қамалған.

«Үш күн ішінде 8 мал ұрлығы тіркелді. Сонымен қатар осыған дейін жасалған 21 мал ұрлығы ашылды. Ұрлыққа барған 19 адам ұсталып, 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. 179 мал табылып, иелеріне қайтарылды», - делінген хабарламада.

18 ақпанда түскі уақытта Ұлан аудандық полиция бөліміне 69 жастағы азамат хабарласып, 8 ақпан күні Алғабас ауылынан 10 шақырым жердегі Бозанбай ауылдық округіне қарасты «Байша» учаскесіндегі жайылымнан 19 бас жылқысының жоғалғанын айтқан. Келтірілген шығын мөлшері – 3 млн теңге.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Ұлан ауданы ПБ қызметкерлері жедел тергеу тобын құрып, іздестіру жұмыстарына тікұшақ, еріктілер мен қорықшылар жұмылдырылды. Осылайша жоғалған жылқылар «Қызыл қайың» учаскесінен табылып, иесіне қайтарылды», - делінген ведомство мәліметінде.

Бұдан бөлек, 19 ақпанда кешкі уақытта Зайсан аудандық полиция бөліміне 40 жастағы тұрғын қоңырау шалып, жайылып жүрген 103 бас қойының жоғалғанын хабарлаған. Материалдық шығын мөлшері 3 жарым млн теңгені құрады.

Көп ұзамай полицейлер жоғалған 53 бас малды көрші ауылдың маңынан тапты. Ер адам малын ұзақ уақыт қараусыз қалдырғанын мойындап отыр. Қазіргі уақытта сақшылар қалған малды іздестіруді жалғастыруда.


Соңғы жаңалықтар