ШҚО оқушылары жылыжайда банан мен мандарин өсіруде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында мектеп оқушылары жылыжайда тропикалық жемістер өсіруде. Жалпы ауданы 60 шаршы метрді құрайтын жылыжайда банан, лимон, анар және мандарин өнім берген. Түрлі ғылыми жобаларды қолға алып жатқан балалар алдағы уақытта мұнда кокос пен ананас өсіріп көруге ниетті. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі білім ордасының бас биологы Гүлмира Нұрғалиевамен әңгімелесіп көрді.

Жоғары температурада жылдам өседі

Жылыжай осыдан 10 жыл бұрын Абай атындағы орта мектептің жанынан ашылған. Әуелі мұнда түрлі гүлдер, қияр мен қызанақ өсірілді. Ал соңғы жылдары тропикалық жемістер өнім беріп жатыр.

«Оқушылар биология пәні аясында жылыжайға келіп, практикалық сабақтардан өтуде. 4 жыл бұрын сол кездегі мектеп директоры Роллан Рымханұлы тропикалық өсімдіктердің көшеттерін әкелген еді. Осылайша, жылыжайда банан, лимон, анар мен мандарин өсіріп көруге бел шештік. Бірақ басында қалай және қандай температурада өсіру керек екендігін білмедік. Уақыт өте келе жасаған экспериментімізден нәтиже шықты», - деді Гүлмира Нұрғалиева.



Алғашында лимон гүлдегенімен жеміс бермеді. Содан кейін олар қолдан тозаңдандыру жасап көрген. Сөйтіп, ірі гибрид лимондар өсіп шыға келді.

«Ал бананды былтыр қыста отырғыздық. Жемістің бұл түрі өте жоғары температурада жылдам қарқынмен өседі екен. Көктем кезінде сол бір түптен бірнеше банан алдық. Енді міне, тағы 7 түп отырғызып, өсіріп жатырмыз. 6-сынып оқушысы Диана Дәлелханова осыған байланысты ғылыми жоба жасады. Енді оны облыстық деңгейде қорғайтын болады», - деді аудандық биологтар ассоциацияның жетекшісі.




Жаңа жылыжай салу жоспарланған

Бұл бананның шетелден әкелінетін бананнан айырмашылығы қандай деген сұрақ туындайды. Гүлмира Нұрғалиеваның айтуынша, мөлшері сәл-пәл кішілеу, ұзындығы – 12 см. Ал дәмі өте тәтті.

«Бананды сарғаймай тұрып, көк кезінде жинап алу керек екен. Себебі сарыға дейін жетсе онда шіріп, бұзыла бастайды. +25-30 градус температура аралығында өсімтал келеді. Алдағы уақытта какос пен ананас өсіріп көруді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы бір жылыжай салу да көзделген. Бірақ тропикалық жемістерді осы жылыжайда ғана өсіре береміз. Себебі оны бір жерден басқа жаққа ауыстыру ауру туғызуы мүмкін», - деді ол.




Білім ордасынан қанат қаққан түлектер арасында жылыжайда жұмыс істегенді жанымен сүйгендіктен биология ғылымына бет бұрып жатқандар аз емес. Осы саладағы оқуды тәмәмдап, мектепке қайтып келгендер де бар.

«Мектептің қазіргі директоры Анар Жұмасияқызы осы жұмыстарға ерекше көңіл бөлуде. Қажетті тыңайтқыштар мен минералды қосымшалар алуға үнемі қаржылай қолдау көрсетеді. Биология пәнінің мұғалімі Миргүл Ахмерова мен еңбек пәнінен сабақ беретін Данияр Қалымбетов оқушыларды тұқым егіп, оны күтіп-баптап, өнім алуға баулып жүр. Балалардың да қызушылығы мен ынтасы көңіл қуантады», - деді Гүлмира Нұрғалиева.




Соңғы жаңалықтар