ШҚО мектептерінде 60-қа жуық заңбұзушылық анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде 58 заңбұзушылық анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы Ботагөз Райымбекованың айтуынша, мектептерге профилактикалық бақылау жүргізу қандай да бір заңсыздықтарды уақтылы анықтауға және оның алдын алуға бағытталған.

«Жыл сайын әрбір жартыжылдыққа профилактикалық бақылау жүргізу үшін білім беру ұйымдарының тізімі бекітіледі. 2020 жылы Шығыс Қазақстанда бұл тізімге 21 мектеп кірді. Осылайша, бақылау 19 оқу орнында жүргізіліп, қалған екі мектеп карантинге байланысты тексерілмеді. Соның нәтижесінде 16 білім ордасында бұзушылықтар анықталған», - деді ол.

Ботагөз Райымбекованың сөзіне сенсек, шағын орталықтар, балабақшалар және мектепалды даярлық сыныптары жұмыс істейтін білім беру ұйымдарында бірқатар кемшіліктер бар. Бұл Жарма ауданының Жаңғызтөбе орта мектеп-балабақшасына, Риддердегі «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясына, Семей қаласының №23 жалпы орта білім беретін мектебіне, Семей қаласының №12 жалпы орта білім беретін мектебіне, Өскемен қаласының №29 қосымша білім беру мектеп-орталығына, Бородулиха ауданының Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебіне қатысты.

«2019-2020 және 2020-2021 оқу жылдарына арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жоспарындағы пәндердің атаулары ұйымдастырылған оқу қызметі кестесіндегі пәндердің атауларына сәйкес келмейді. Сондай-ақ кестелер бекітілмеген, мектепалды даярлық сыныптарындағы сынып журналдары жүргізілмеген. Мектепке дейінгі тәрбиешілердің лауазымдық нұсқаулықтары дұрыс әзірленбеген, ал педагогикалық кеңестерде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселелері қарастырылмаған. Бұдан бөлек, мектепке дейінгі кабинеттерде материалдық база әлсіз», - деді бөлім басшысы.

Жалпы профилактикалық бақылау аясында 16 мектепте 58 бұзушылық анықталған.


Соңғы жаңалықтар