ШҚО мектебінде оқушыдан коронавирус табылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында мектепте кезекші сыныпта оқитын оқушыдан коронавирус анықталды. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«14 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданына қарасты Парыгина елді мекенінде кезекші сыныпта оқитын оқушының (2 сынып) коронавирус жұқтыруының алғашқы жағдайы анықталды. Баланың анасы - мұғалім. Бірінші күні дене қызуы 37 градус болған, барлық симптомдары вирусқа келеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ПТР-тест оқушының коронавирус жұқтырғандығын көрсеткен.

«Бала үйінде ем алып жатыр, жағдайы жақсы. Ол оқыған сыныпта барлығы 12 бала болған. Олардың барлығы және мұғалімдері мен байланыста болған тұлғалар вирустың бар-жоғына тексеріліп жатыр», - деді Бағдат Қожахметов.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері болған Айжан Есмағамбетова егер сыныпта бір оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталатын болса, мамандар эпидемиологиялық тексеріс жүргізетіндігін айтқан болатын.

«Егер ауру бірнеше сыныпта немесе әртүрлі сыныпқа сабақ берген мұғалімдерден анықталса, онда аурудың одан ары таралуына жол бермеу мақсатында мектеп толық жабылуы мүмкін», - деген еді Айжан Есмағамбетова.


Соңғы жаңалықтар