ШҚО құтқарушылары дәрігерді науқасқа КамАЗ-бен жеткізді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында құтқарушылар жедел жәрдем қызметкерлерінің науқасқа жетуіне көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірде күннің күрт жылып, қардың еруіне байланысты Глубокое ауданында кейбір жолдарды су басып, көлік қозғалысы қиындады. Биылғы қыста құтқарушылар қалың қардың құрсауында қалған Краснояр ауылдық округіне қарасты Аврора станциясының тұрғындарына көп мәрте көмекке келген еді.

«8 сәуір күні денсаулығы сыр берген 1948 жылғы зейнеткер үйге медицина қызметкерлерін шақыртқан. Алайда жәдел жәрдем көлігі станцияға 10 шақырымдай жерде жолда қалды. Науқасқа тезірек жету керек болғандықтан олар құтқарушыларға хабарласқан. Олар КамАЗ-бен ақ халаттыларды діттеген жерге жеткізіп тастады», - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Дәрігер қарияға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдады. Содан соң құтқарушылар науқасты жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізіп берген.


Соңғы жаңалықтар