ШҚО-ға коронавирусқа қарсы вакцинаның 80 мыңнан астам дозасы жеткізілмек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына сәуір айында коронавирусқа қарсы вакцинаның 80 мыңнан астам дозасы жеткізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрланғазы Ибраев онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында өңірдегі вакцинациялау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқандығын айтып берді.

«Сәуір айының соңына дейін халықты жаппай вакцинациялауға қажетті дозалар жеткізіледі. Адам көп жиналатын жерлерде вакцинация пункттері жұмысын бастайды. Қазіргі уақытта облыста ресейлік «Спутник V» препаратының бірінші және екінші компоненттерінің 36 400 дозасы бар», - деді ол.

Нұрланғазы Ибраевтың айтуынша, вакциналардың жеткізілуі кестесі жасалып, оны бірыңғай дистрибьютор СК-Фармация жүзеге асыруда. Осы айдың соңына дейін тағы 82200 доза жеткізіледі.

«Содан кейін өңір жұртшылығы вакцинация пункттеріне шақырыла бастайды. Қазір облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен бұл орындар анықталуда. Онда жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін дайындықтан өткіземіз», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстанда 12 425 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алған.

Соңғы жаңалықтар