ШҚО-дан табылған артефактілер бабамыздың металлургияны мықты меңгергенін көрсетеді – Даниал Ахметов

None
None
ЕЛЕКЕ САЗЫ. ҚазАқпарат - Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағында өмір сүрген ежелгі ата-бабаларымыз отырықшы тұрмыс салтын ұстанған. Жерді өңдеу, ауыл шаруашылығы, металл өндіру және оны өңдеу салаларын жоғары деңгейде игерген. Ұлан ауданындағы Ақбауыр археологиялық кешеніне барған аймақ басшысы Даниал Ахметов осындай пікір айтты.

Аймақ басшысы Елеке Сазы үстіртіндегі археологиялық жұмыстардың барысымен танысты.

Онда ерте сақ дәуірінен бастап орта түркі кезеңіне дейінгі бірнеше обадан тұратын үлкен қорым табылды.

Әлемге әйгілі ғалым Зейнолла Самашев үш жылдан бері осында қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Тарихшы ғалымдар мен археологтардың жұмысының арқасында аймақтың қазіргі тұрғындарының ежелгі ата-бабалары осы жерде отырықшы өмір салтын ұстанғаны және әртүрлі салаларда, соның ішінде металл өндіру және өңдеу саласында үлкен жетістікке жеткені белгілі болды.

Табылған артефактілер мен құралдар балқытылған металдан түрлі бұйымдар жасайтын «шеберханалар» болғанын айғақтайды.

Жүргізілген қазба жұмыстары ежелгі қазақтардың ауыл шаруашылығы саласымен айналысып, жерді игеруде өте сауатты болғанын дәлелдейді.

«Осы жерден табылған және алдағы уақытта да табылатын экспонаттар біздің мұражайларымыздың қорын толықтырып қана қоймай, Қазақстан тарихына қатысты көптеген сұрақтарға жауап беретініне сенімдімін. Бұдан бөлек, тағы 20 учаске бар, оларды да мұқият зерттеу қажет», - деді ғалымдармен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов.

Айта кету керек, археолог Зейнолла Самашев бастаған зерттеушілер Шығыс Қазақстанның Ақбауыр шатқалынан сақ заманынан бері сақталған металлургиялық жәдігерлерді тапқан болатын.

Ақбауыр археологиялық кешенінің қазба жұмысына қазақстандық ғалымдармен бірге халықаралық экспедиция мүшелері және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Шәкәрім атындағы университеттің, Геодезия және картография жоғары колледжі мен республиканың басқа да оқу орындарынан отыздан астам студент қатысып жатыр.

Сонымен қатар, мұнда табылған артефактілерді зерттейтін жылжымалы зертхана да бар.


Соңғы жаңалықтар