ШҚО-дағы шекара маңында шыққан ірі өрт сөндірілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік шекара маңында шөпке жайылған өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы күндері өңірде 53 рет шөп пен қоқыс өртенген. Оның ішіндегі ең ірілері – Зайсан, Күршім және Көкпекті аудандарында болды.

Таяуда түнгі сағат 00.05-те өрт сөндірушілерге Зайсан ауданы Қаратал ауылдық округіндегі Елеке учаскесінде шөптің жанып жатқаны туралы хабар түскен. Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен шекарашылар шұғыл өртті сөндіруге кірісті. Алайда қатты желдің салдарынан жалын одан сайын тарай бастаған. Тілсіз жауды ауыздықтауға №25 өрт сөндіру бөлімінің 7 қызметкері тартылды. Олар келіп жеткенше от 30 гектар аумаққа жайылып кетті.

«Өрт шекарадан екі шақырым қашықтықта сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша қызыл жалын найзағайдан шыққан. Дәл осы уақытта Күршім ауданындағы Буран ауылында да шөп өртенді. Тілсіз жауды жергілікті атқарушы органдар мен орманшылар өшірмекке әрекеттенді. Кешке сағат 19.00-де жел күшейгендіктен сол жерге №40 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аттанған. 25 гектар аумақты шарпыған от 22.40-та сөндірілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сонымен қатар Көкпекті ауданында қураған ағаштар өртенді. Биғаш ауылдық округіндегі Қияқты учаскесінде шыққан қызыл жалынның жалпы аумағы 45 гектарға жеткен. Қазіргі уақытта өрт әлі толықтай өшірілген жоқ. №33 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, орманшылар мен жергілікті тұрғындар тілсіз жаумен күресуде.


Соңғы жаңалықтар