ШҚО-да жыл басынан бері 40-қа жуық көлік өртенді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері 40-қа жуық көлік өртенген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде бір күн ішінде екі көлік өртенді. Алғашқы оқиға Риддер қаласында тіркелген.

«1998 жылғы «Lexus RX 300» автокөлігін жалын шарпыды. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер жалпы аумағы 2,5 шаршы метрге жеткен тілсіз жауды ауыздықтаған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқарудан немесе қасақана өртеуден болуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Семейде жеке тұрғын үй ауласында тұрған 1997 жылғы «Subaru Legacy» автокөлігі отқа оранды. Жалпы аумағы 6 шаршы метрді құраған жалын көліктің қозғалтқыш бөлігіне, салонға және алдыңғы дөңгелектерге жайылған. Өрттің шығуына қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару себеп болды.

ТЖД дерегінде, жыл басынан бері өңірде 38 көлік өртенген.


Соңғы жаңалықтар