ШҚО-да жалған вакцина паспортын жасап келген медқызметкерлер ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жалған вакцина паспортын жасаумен айналысқан медицина қызметкерлері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары жалған вакцина паспортын жасайтындардың жолын кесу мақсатында бірқатар шараны қолға алған.

Соның нәтижесінде осындай заңсыз қадамға барған медицина қызметкерлері анықталды.

«Мәселен, Шемонаиха ауданындағы емханалардың бірінде жұмыс істейтін 44 жастағы ақ халатты екпе салдырмай паспорт жасап отырған. Сонымен қатар мұндай факті Семей қаласындағы медициналық мекемеде тіркелді. 27 жастағы қала тұрғыны өзінің қызметтік лауазымын пайдаланып, вакцина паспортын 10-15 мың теңге мөлшерінде сатып келген», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабына (жалған құжат жасау немесе қолдану) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Заңсыз әрекетке басқа да адамдардың қатысы бар-жоғы анықталуда.

Күдіктілер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар