ШҚО-да волонтерлер құтқарушылармен етене жақын жұмыс істеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл волонтерлер құтқарушылармен бірге талай шараларға қатысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еріктілер жылы да аяқталуға шақ қалды. Коронавирус пандемиясы кезінде волонтерлердің рөлі бұрынғыдан арта түскені анық. Бүгінде Шығыс Қазақстанда 192 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде 12 қоғамдық бірлестік ШҚО ТЖД-мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша серіктестік орнатқан.

«17 волонтерлік ұйыммен меморандумға қол қойдық. Пандемия кезінде 261 ерікті санитарлық нормаларды сақтай отырып тұрғын үйлерді аралауға кірісті. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ыстан қорғайтын 700 датчикті орнатуға атсалысты. Тұрғындарға төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету ережелерін үйрету үшін оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу кезінде қоғамдық бірлестіктер көп көмек көрсетті», - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Еріктілер жылындағы басты жаңалық – департаменттің kazvolonters.kz сайтына тіркелуі болды. Онда өрт шығудың, иіс тиюдің алдын алуға бағытталған екі жоба енгізілген.

«Пандемия барлығымыз үшін жақсы сынақ болды. Кез келген қиындыққа дайын болу, мұқтаж жандарға қолыңнан келгенше көмектесу – бұл құтқарушылар мен еріктілердің ортақ ұстанымы», - деді «Nur Otan» партиясы ШҚОФ «Jas Otan» жастар қанатының өкілі Шолпан Мұсабаева.


Соңғы жаңалықтар