ШҚО-да үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында үздік медицина қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Өскеменде салтанатты шара өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков пен ШҚО әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов үздік ақ халаттыларды марапаттады.

«Барлық медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер халқымыздың өмірі мен денсаулығы үшін күресіп жүрсіздер. Осы ретте, ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін», - деді Д.Рыпаков.

Ақ халаттылар ерен еңбегі үшін медальдармен, Құрмет грамоталарымен, төсбелгілермен және Алғыс хаттармен марапатталды.

«Еңбек ардагері» төсбелгісі Глубокое аудандық орталық ауруханасы перзентхана бөлімінің меңгерушісі Людмила Логейкоға, облыстық фтизиопульмонология орталығының хирург дәрігері Сағи Қожабаевқа, Риддер қалалық ауруханасының отоларингологы Серік Жамантаевқа берілді.

«Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен Өскемен қалалық №2 емханасының пульмонолог дәрігері Ольга Говорухина, Бородулиха аудандық ауруханасының отоларингологы Ольга Мокроусова, мамандандырылған балалар үйінің медбикесі Майра Сулейменова, Көкпекті аудандық ауруханасының медбикесі Алмаш Мамабаева және Семей қаласының жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Дәулет Секербаев марапатталды.

Айта кетейік, соңғы 5 жыл ішінде өңірдегі медициналық мекемелерге 36 млрд теңгеге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 3 мыңнан астам жабдық сатып алынған. Бұл жоғары технологиялық медициналық техника көлемін 2,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді.


Соңғы жаңалықтар