ШҚО-да үш күн ішінде мал ұрлығына қатысты 11 қылмыс ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері үш күн ішінде мал ұрлығына қатысты 11 қылмысты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлері 27-29 шілде аралығында өңір аумағында «Барымта» жедел алдын алу шарасын өткізді. Мұндағы мақсат – мал ұрлығының алдын алу және қылмыскерлерді қолға түсіру.

«Шара барысында жедел-криминалдық, әкімшілік және жергілікті полиция қызметінен барлығы 500-ге жуық адам жұмылдырылды. Сонымен қатар ветеринарлық бақылау қызметінің 42 маманы тартылған. 3 күннің ішінде тәртіп сақшылары бұрын жасалған 11 қылмыстық істі ашты. Нәтижесінде, 24 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды. Оның ішінде 11 жылқы, 9 ірі қара және 4 ұсақ мал бар. Иесіз жайылған 544 бас мал айыппұл тұрағына жеткізілген», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнаманы бұзу) сәйкес, тиісті құжаттарсыз мал және ет өнімдерін тасымалдаған 16 адам анықталды.


Соңғы жаңалықтар