ШҚО-да тұрмыстық зорлыққа тап болған 84 әйелге уақытша баспана берілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында 13-15 қараша аралығында республикалық акция өткізілуде.

«Жыл басынан бері ШҚО әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің инспекторлары уақытша баспана беру үшін 84 әйелді дағдарыс бөлімшелеріне жіберді, ал 1854 әйел дағдарыс орталығының психологтарынан кеңес алды. Ел аумағында карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдармен онлайн режимде кездесулер өткізілуде», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Акция отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайтуға бағытталған. Өңірдің полиция қызметкерлері тұрғындарға 77-46-76 сенім телефоны арқылы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы мәселелерді түсіндіру және ақысыз кеңес беру мақсатында жедел желі (77-19-22, 8-771-44-511-44) іске қосылды. Сонымен қатар, отбасы тыныштығын жиі бұзатын адамдар мен берекесіз отбасыларға тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар