ШҚО-да Тұңғыш Президент күніне арналған көрме ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Тұңғыш Президент күніне арналған көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент күніне орай ШҚО қорық-музейінде «Қазақстан жолы. Тарихтағы тұлғаның рөлі» атты көрме ашылды. Көрменің негізін 2007 жылы Тұңғыш Президент Музейінің сыйға берген экспонаттары құрап отыр.

Бұл мемлекеттің даму тарихын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметін көрнекі көрсететін кітаптар сериясы, альбомдар, сирек кездесетін фотоқұжаттар.

Облыстық музей-қорықтың қызметкері Гүлбақыт Балтабекова көрме экспонаттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Экспозиция қазақстандық қоғамтанушылардың әдебиетіне, Елбасының еңбектеріне бай. Экспонаттардың ішінде Ермұхамет Ертісбаевтың «Қазақстан және Назарбаев: өзгеріс логикасы» атты туындысы бар. Онда Тұңғыш Президентінің өмірбаяны – балалық және жастық шағы, қызметі, қайта құру кезеңіндегі саяси ұстанымы, президенттік кезеңі баяндалған. Сондай-ақ көрмеге Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Қазақстан жолы», «Еуразия жүрегінде», «Тарих толқынында» атты кітаптары қойылды. Олар еліміздің, қазақ халқының тарихында болған қиын-қыстау сәттер, өзгерістер мен оқиғалар туралы баяндайды», - деді ол.

Экспонаттардың ішінде мемлекеттің бірінші басшысының сирек кездесетін фотосуреттері бар. Жалпы, «Қазақстан жолы. Тарихтағы тұлғаның рөлі» көрмесі 70-тен астам экспонаттардан тұрады.

Айта кетейік, көрмені желтоқсан айының соңына дейін тамашалауға болады.




Соңғы жаңалықтар