ШҚО-да түн жарымында жұмыс істеген мейрамхана иесіне айыппұл салынды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторинг топтары кезекті рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рейд барысында Өскеменде 251 нысан қамтылып, шектеу шараларын бұзудың 5 фактісі тіркелді.

Сонымен қатар «Стрелец» дүкеніндегі «Фото» сауда бөлімі, «Аманат»,«Глобус»дүкендерінде, және «Адем» сауда үйінде бұрын анықталған заңбұзушылықтар бойынша айыппұл салынды.

Ал Семейде тыйым салынған уақытта жұмыс істегені үшін «Blackberry» дәмханасының иесі 319 470 теңге мөлшерінде айыппұл арқалады.

«Риддер қаласында 3 желтоқсанда 5 рейд жүргізіліп, 61 нысан қамтылды. Демалыс күні жұмыс істеген азық-түліктік емес «Ермак» дүкенінің басшысы айыппұл төлеуге міндеттелді. Зайсан ауданында 51 нысан тексеріліп, 3 хаттама толтырылды. Көкпекті ауданында маска режимін сақтамаған М.Шакенов есімді азаматқа айыппұл салынды» делінген ШҚО ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Шемонаиха ауданында мониторинг тобы азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды, аялдамалар мен көшелерді аралады.

Барлығы 70 нысан қамтылып, 1 ереже бұзу фактісі тіркелді. Нақты айтқанда, жұмыс орнында маскасыз отырған азаматқа 41 670 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде орналасқан «Алтай», «№1» дүкендерінде, Алтай қаласындағы «Beer fish» дүкенінде сатушылар қолғапсыз қызмет көрсеткен, сонымен қатар «Пена» автожуу мекемесінің жұмысшысы жеке қорғаныс заттарын қолданбаған.

Айта кетейік, ШҚО-да 128 мониторинг тобы жұмыс істеуде.

Оның құрамына полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары кіреді.

Соңғы жаңалықтар