ШҚО-да түн ортасында ата-анасының қарауынсыз далада жүрген 99 бала анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ата-анасының қарауынсыз түнгі уақытта далада жүрген 99 бала анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір аумағында 17 маусымнан бастап «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде.

Мұндағы мақсат – балалардың құқықтарын бұзу фактілерін анықтау, кәмелет жасына толмағандарды еңбекке тарту, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу.

«Шараның бірінші күнінде полиция қызметкерлері мен белсенді жастар 119 рейдке шығып, 1 132 объектіні тексерді. Түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз сыртта жүрген 99 бала анықталды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатқан (ӘҚБтК-нің 200-бабы) – 3, темекі саудалаған (ӘҚБтК-нің 133-бабы) – 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мәселен, Өскемен қаласындағы шағын маркеттердің бірінде сағат 23.00-ден кейін жалғыз жүрген 16 жастағы жасөспірім анықталды.

Аталған факті бойынша оның анасына ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.

Айта кетейік, «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасы 20 маусымға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар