ШҚО-да «Тарбағатай» ұлттық паркі ашылды

None
None
ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Үкімет қаулысымен Шығыс Қазақстан облысындағы керемет табиғатымен танымал, Барқытбелдің баурайындағы елі шырайлы, жері шұрайлы, қазақтың құт қонған қасиетті өңірі Үржар ауданында «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ашылды.

Айта кетейік, бұл еліміздегі 13-ші ұлттық парк. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 маусымдағы №382 қаулысымен құрылған парктің ауданы 143550,5 га, қорғау аймағы - 204 602 гектарды құрап отыр. Жалпы, Үржар ауданының жер бедері едәуір күрделі. Егер оның солтүстік жағын Тарбағатай жотасының батыс сілемдері Қарауылтөбе, Ақтас (1316м) және Ақшәулі (1618м) таулары алып жатса, оңтүстік жағын Тарбағатай жотасының оңтүстік ұсақ шоқылы беткейі мен Алакөл ойысының солтүстік бөлігі, ал оңтүстік-шығыс бөлігін Бармақ құмы мен Қосай шағылы, Көрпебай (568м), Бақты (1273м), Арқарлы және Арасан таулары алып жатыр. Осыған байланысты ауданның жер бедері солтүстік-шығыстан оңтүстік батысқа қарай едәуір еңіс келеді.

Аудан жерінде Тарбағатай жотасының ең биік жерлері Атбас тауы (2263 м) мен Тастау (2992м) таулары және Тікжолдана, Қызасу, Ақшоқы, Кіші Сырғанақ асулары орналасқан. Кен байлықтарынан құрылыс тастары мен кірпіш саздары бар.

null

Жаңа ұлттық парк 6 түрлі кластерлік жер телімдерінен тұрады. Тарбағатай тауларының оңтүстік баурайы мен Үржар, Қатынсу, Еміл өзендерінің алқабын қамтып, соның ішінде Барқытбелдің Зайсан мен Тарбағатай ауданындағы бөліктері, Көкпекті ауданындағы Құлынжон қорықшасы парктің бақылауына өтті.

Парктің ерекшелігі, онда өсімдіктердің өзге аумақта кездеспейтін «Қызыл кітапқа» енген 35-тен астам түрі бар. Тарбағатай жотасы далалы және шөлді аймақта орналасқандықтан мұндағы өсімдіктер жамылғысы басқа таулы аймақтарға Солтүстік Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Алтай тауларына қарағанда айтарлықтай ерекшеленеді.

null


null

Онда, бүгінгі күнге дейін, флораның 1640 түрі анықталған. Яғни, дәрілік өсімдіктердің кең таралған бірқатар түрлері: шырғанақ, мия, итмұрынның бірнеше түрлері, шүйгін және т.б. өсімдік түрлері бар. Тарбағатай жотасында кездесетін кейбір дәрілік өсімдіктерге толығырақ сипаттама берілген. Сондай-ақ, жотада айтарлықтай кең таралған дәрілік өсімдіктер: Альберт раушаны, итшомырт, шырғанақ және орал миясының маңызы мен аса бағалы дәрілік қасиеттері жайлы деректер және де өсімдіктердің таралу ерекшеліктері мен химиялық құрамына, ғылыми медицина мен халықтық медицинада қандай ауруларға дәрілік мақсатта пайдаланылатыны жайлы толық мағлұматтар берілген.

null 

Ұлттық парктің омыртқалы жануарлар фаунасы да бай. Алдын ала алынған деректер бойынша, олар 376 түрді қамтиды, оның ішінде өлкедегі 19 балықтың түрі, қосмекенділердің екі түрі, бауырымен жорғалаушылардың 23 түрі, құстардың 272 түрі, сүтқоректілердің 60 түрі мемлекет қамқорлығына алынды. Оның ішінде парктің қорғауында мемлекет аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануарлардың 40 түрі, яғни бауырымен жорғалаушы 1, құстардың 33 түрі және сүтқоректілердің 6 түрі парктің қорғауында болмақ.

Осы ретте айта кетерлігі, «ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бұйрығымен Тоқымтаев Әлібек Тоқтаубекұлы «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры қызметіне тағайындалды. Ол 2004 жылдан бері Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығының директоры қызметін атқарған.

Табиғи парктың ашылуы ауданымызда жұмыссыздық мәселесін шешуге де септігін тигізді. Олай дейтініміз, ауданның өзінде бүгінгі күнге 140-қа жуық адам жұмыспен қамтылды.

«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық паркінің негізгі мақсаты биологиялық және ландшафттық әралуандылықты сақтап қалу, арнайы экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғат қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резервтік қордың бірегей табиғи кешендерін және объектілерін пайдалану болып табылады», - дейді парк директоры Әлібек Тоқымтаев.

Қасиетті Барқытбел баурайында тұрған Үржар ауданымызда ұлттық парктің ашылуы, бұл Қазақстанның көрікті де көркем табиғатын қорғап, көздің қарашығындай сақтауға зор мүмкіндік туғызады. Табиғатқа қажеттілікті өтеу объектісі емес, жанды нәрсе атаулының біртұтас тіршілік ортасы ретінде қарайтын мезгіл жетті. Бұл жайында заманымыздың ғұлама ғалымы Жан Дорст былай деп жазған болатын: «Адам бойында жабайы табиғатты сақтау үшін ұмтылуға қажетті объективті себептер жетіп артылады. Алайда, түптеп келгенде, табиғатты тек сүйіспеншілік қана құтқара алады. Адам бұл дүниеде сұлулықсыз өмір сүре алмайтындықтан, қоршаған ортаны сәл де болса сүйіп, қастерлей білген жағдайда ғана, табиғат өзіне төнген қауіп-қатерден құтылады».


null 

Осыған дейін «Тарбағатай» ұлттық паркін не үшін құру қажеттігі туралы жазғанбыз.

Оған дейін «Тарбағатай» ұлттық табиғи паркінің директорының тағайылғандығы жазылды.

Соңғы жаңалықтар