ШҚО-да су айдындарын балықтандыру көлемі артады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында су айдындарын балықтандыру көлемі арттырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, Шығыс Қазақстан балық шаруашылығы бассейні көлемі бойынша республикада үшінші орынға ие. Негізінен балық аулау Зайсан көлінің және Бұқтырма су қоймасының жағасында дамыған. Мұнда балық аулау көлемі – 93%-ды құрайды. Кемінде 14 жағалаудағы елді мекендердің халқы дәстүрлі балық шаруашылығымен айналысады.

«Балық аулаудың негізгі мүмкіндіктері көптеген факторларға байланысты шектелген. Бұл балық аулаудағы басты кедергі. Биыл өңірде ғылыми тұрғыда қол жеткізуге жоспарланған 10,2 мың тонна балық өндірілді. Алайда, қарқынды балық аулау кезінде балықтардың өздігінен көбею қабілеті бұзылады. Сондықтан балықтардың тұрақты санын азайтпас үшін популяцияны сақтау шараларын қолға алу қажет. Осы мақсатта су айдындарына шабақ жіберу жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Соңғы жылдары облыста балықтандыру көлемін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Көрсеткіш 2016 жылғы 4 млн дана шабақтан 2019 жылы 10,3 млн данаға дейін 2,5 есеге артты.

Биыл балық жіберу көлемі 17 млн дананы құрады. Оның ішінде тұқы, сазан балықтары – шамамен 3 млн, рипус - 2,6 млн, пелядь - 11,3 млн дана. Гидроэнергетика, кеме қатынасы және басқа да кәсіпорындардың балық жіберу көлемі 721 мың дана тұқы, сазан шабақтарын, 30 мыңға жуық тұқы, сазан дернәсілдерін құрады.

Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен Бұқтырма су қоймасына 10 млн дана пелядь тұқымы және Қара Ертіс өзеніне 4 мың дана сібір бекіресі жіберілді. Жалпы, 2015 жылдан 2020 жылға дейін балықтандырудың жалпы көлемі 54,1 млн дана шабақты құрады. Негізінен балықтандыру тұқы, сазан, ақ амур, рипус, пелядь сияқты бағалы балық тұқымдарымен жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар