ШҚО-да шетелдік нөмірі бар көліктерін рәсімдеп жатқандар артуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында шетелдік нөмірі бар көліктерді уақытша тіркеуге қойғандар саны артуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгінде Ресей нөмірі бар 6 көлік уақытша тіркеуге алынған. Рәсімдеу бойынша алғашқы процедура Семей қаласында жасалған. Әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізушілерге жаңа үлгідегі сары түсті арнайы нөмір берген.

«7-10 ақпан аралығында Өскемен және Шемонаиха қаласының тұрғындары көліктерін уақытша тіркеуге қойды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш берушілер құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне барлық қажетті құжаттарды, мемлекеттік нөмір алғаны үшін баж салығын және алғашқы тіркеу жарнасын төледі», - делінген ведомство мәліметінде.

Айта кетсек, соңғы 10 күнде Шығыс Қазақстан облысының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 290-нан астам адам көлік құралдарын уақытша тіркеу туралы кеңес алған.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қаңтар күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктерді елге кіргізбеуді тапсырды.

Сондай-ақ Үкіметке Қазақстан азаматтары ЕАЭО елдерінен әкелген көліктерді бір айдың ішінде уақытша тіркеуге қоюды жүктеді.

«Бұл көліктердің тіркелуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады. Мұндай көліктер техникалық регламенттің талаптарына сай болуы керек. Сондай-ақ, тіркеу сомасы мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу бір қолдан екінші қолға сатылып барып, жасалмауы тиіс. 2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері көліктерін тұрақты тәртіпте тіркеп, кедендік баж бен утилизациялық соманы төлеуі тиіс. Болмаса ол көлікті елден шығаруы немесе заңнамамен тыйым салынбайтын басқа да амалмен мәселесін реттеуі қажет. Үкіметке Қазақстанның заңнамасына қайшы келетін көліктерді бұдан ары кіргізбеуді және пайдалануға шектеу қою шараларын қолға алуды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар