ШҚО-да полициядан қашқан көлік жүргізушісі есірткі қабылдағаны анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында есірткі қабылдап көлік тізгіндеген ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Қарамырза ауылының маңында «ВАЗ-2107» маркалы автокөлігін тоқтатады. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінен қашып құтылмақ болған. Оның соңына түскен полицейлер көп ұзамай көліктің жолын бөгейді.

«Салон ішінде осы ауылдың 1984 және 1982 жылғы екі тұрғыны болған. Медицина орталығына жеткізілген олардың куәландыру актісіне сәйкес есірткі қабылдағаны анықталды. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар тексеру барысында көліктен конобиноид тұқымдас қолдан жасалған өсімдіктер табылып, тәркіленді. Сот-химиялық сараптама нәтижесіне сәйкес, бұл есірткі заты болып шықты.

«Арнайы құрылған жедел-тергеу тобы күдіктінің гаражына тінту жүргізіп, өткір иісі бар өсімдік тектес зат салынған үш полиэтилен пакетті тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың марихуана екені анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабымен (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ақпаратта.



Соңғы жаңалықтар