ШҚО-да өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 13 адам жауапқа тартылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар саяжайдағы өрттің алдын алу үшін арнайы рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері Шығыс Қазақстанда шөптің жануы жиілеген. Жағдайды тұрақтандыру және халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары саяжай учаскелері бойынша профилактикалық рейд ұйымдастырды.

«Шара барысында саяжай иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, талапқа бағынбағандарға қарастырылған жауапкершілік туралы баяндалды. ӘҚБтК-нің 336-бабына сәйкес 13 азамат жауапқа тартылды. Сондай-ақ жағдайды бақылау үшін мамандар ұшқышсыз ұшатын аппаратты пайдаланды. 200 метр биіктікте ұшатын дрон өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған учаскені тез анықтауға мүмкіндік береді. Экранда жағдайды 2,5-3 шақырым қашықтықта бақылауға болады», - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына шөп өртемей, бақылаусыз қоқыс жақпай, балаларыңыздың сіріңкемен ойнауына жол бермеу қажеттігін ескертеді. Өрт болған жағдайда дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарласу керек.


Соңғы жаңалықтар