ШҚО-да Нұржан Бажекеновтың алғашқы жеке концерті өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласындағы облыстық драма театрында «Туған жерге тағзым» атты концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисті, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Өскеменнің тумасы Нұржан Бажекеновтың бұл алғашқы жеке концерті.

Концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында ШҚО әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті. Музыкалық кешке «Құрмет» орденінің иегері, бас дирижер Александр Галсановтың басқаруындағы ШҚО әкімінің симфониялық оркестрі сүйемелдеу жасады. Концерттік бағдарламада Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, Н. Бажекеновтың жұбайы Венера Алпысбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Вячеслав Ткач және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, «Ертіс концерт» мекемесінің әншісі Жанат Бисимбаевтар өнерлерін көрсетті.

Кеш шымылдығы ШҚО әкімінің симфониялық оркестрінің орындауындағы «Дайрабай» күйімен ашылып, ары қарай көрермендер назарына Н. Тілендиевтың «Жан Сәулем», Дж. Пуччинидің ариясы Каварадосси операсынан «Тоска», Н. Бажекенов, В. Ткач және Ж. Бисимбаевтың орындауларында әлемге әйгілі П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» ариясы ұсынылды. Ш. Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлым», орыс халық әні «Ах, ты душечка», С.Абдинуровтың «Тұран» симфониялық дастаны жалғасын тапты. Н. Бажекеновпен В. Алпысбаеваның Ф. Легара «Страна улыбок» операсы, Ф. Сартори «Con te Partiro» және әлем музыкасының озық үлгілерін тыңдауға мүмкіндік беріп, сонымен қатар Ұлы ақын, жазушы Абайдың 175 жылдығына орай «Айттым сәлем, Қаламқас» шығармасы қойылды.

Өзінің туған қаласында қазіргі Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістері жерлестерін өнерімен, классикалық әуендерімен қуантты және көрермендердің жүрегінде ерекше орын алатын ұмытылмас кеш сыйлады. Атақты опера әншілерінің концертінде зал көрермендерге лық толы болды. Кеш соңында әртістер барлық келген көрермендерге, симфониялық оркестрдің музыканттарына, бас дирижер Александр Галсановқа туындыларды кәсіби жоғары орындағаны үшін алғыс айтты, сондай-ақ облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының басшылығына өңірдегі мәдениет және өнер саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінгені үшін үлкен алғыстарын білдірді.

Концертке кіру тегін болды.

Соңғы жаңалықтар