ШҚО-да «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс халқын Отбасы күнімен құттықтады.

«Отбасы күні – бұл ең басты мерекелердің бірі. Өйткені мемлекеттің мықты болуы – керегесі берік, шаңырағы биік жанұяларға байланысты. Отбасының құндылығы берекемен өлшенетінін естен шығармаған абзал. Шаңырақтағы ерлі-зайыптылардың, бала-шағаның ұйытқысы – татулық. Береке мен татулық бар үйде жылу да, табыс та болады. Мұндай отбасының тәрбиесін көрген ұрпақ ел ертеңі үшін адал қызмет ететін азамат болып өседі», - деді ол.

Бүгін Өскеменде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі болды. Шара ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта өтті. Сегіз жылдан бері көптеген отбасы үздіктер қатарынан көріну үшін осы конкурсқа қатысып келеді.

«Биыл семейлік Темірхановтар отбасы Мемлекет басшысының дипломы мен ақшалай сертификатын иеленді. Алтай мен Марина 7 бала тәрбиелеп отырған отбасы. Жеті баланың үшеуі өз балалары болса, төрт баланы асырап алған. Бұл – мейірімділіктің үлкен үлгісі. Отбасының барлық мүшелері спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Ерлі-зайыптылар бес миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты үй салуға жұмсайтын болды», - деді Даниал Ахметов.

Екінші орынды Риддер қаласында тұратын құтқарушылар отбасы – Дидархановтар жеңіп алды. «Мерейлі отбасы-2021» конкурсының үшінші орнын Зайсан ауданының Мамырбектер отбасы иеленді.


Соңғы жаңалықтар