ШҚО-да мал ұрлығына қатысты 40 қылмыс ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлығына қатысты 40 қылмыс ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу және алдын алу мақсатында өңір бойынша «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы жүргізілді.

Шара барысында тәртіп сақшылары 660-тан астам шаруа қожалығын, 314 мал мен ет өнімдері саудаланатын орындарды (базарлар, дүкендер, павильондар) және мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын 800-ге жуық көлікті тексерді.

Нәтижесінде 835 бас мал арнайы орынға қамалып, олардың иелері ҚР ӘҚбТ-нің 408-бабына сәйкес (мал жаю ережелерін бұзу) әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар мал мен ет өнімдерін тасымалдау және сату бойынша 50-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

«Жедел алдын алу шарасы кезінде облыста мал ұрлығының 11 фактісі тіркеліп, оның 9-ы тез арада ашылды. Осыған дейін жасалған 31 мал ұрлығы әшкереленді», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері төрт күн ішінде мал ұрлаған 21 адамды ұстап, 3 қылмыстық топтың жолын кесті. 101 бас мал иелеріне қайтарылып, жалпы сомасы 33 миллион теңгеден астам материалдық шығын өтелген.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да жеңгетайлықпен айналысқан 3 адамның ұсталғаны хабарланған.



Соңғы жаңалықтар