ШҚО-да қыстың көзі қырауда 9 ауыл көгілдір отынсыз қалған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында газ желісінде апат болып, 9 елді мекенге газ беру тоқтатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық әкімдіктің мәліметіне сенсек, 27 қаңтар күні сағат 19:30 шамасында «Барыс көл» ЖШС экскаваторшысы Әлібек Өткелбаев көпір құрылысы бойынша жер жұмыстарын орындау кезінде Зайсан ауданының 9 елдімекенін газбен қамтамасыз ететін жоғары қысымды магистралды газ құбырына байқаусызда зақым келтірген.

Салдарынан Айнабұлақ, Қаратал, Үлкен-Қаратал, Шалқар, Көгедай, Қайнар, Кеңсай, Жамбыл, Қарабұлақ елді мекендеріндегі 2105 абонентке газ беру шұғыл тоқтатылды.

Аудан әкімінің басшылығымен қалпына келтіру жұмыстары орнында штаб құрылды.

6 мотопомпа, АЦ-40, 1 КУНГ, 50 техника, сондай-ақ «Барыс көл» ЖШС тарапынан барлық қажетті техника жұмылдырылды.

9 елді мекенде көмір мен қажетті отын қорын тасымалдау ұйымдастырылды.

Айта кетейік, барлық үйлер апат кезінде автономды жылу көздеріне көшті.

Ал сыртқы ауа температурасы -17 градусты құрады.

Бүгін таңертең сағат 8.00-де апат салдары жойылып, абоненттерді қосу жұмыстары басталды.


Соңғы жаңалықтар