ШҚО-да қазақтың ақбас сиырын өсіріп отырған кәсіпкер туған ауылын дамытуға үлес қосуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастаған Қуаныш Сүлейменов бүгінде шаруа қожалығын ашып, қазақтың ақбас сиырын өсіріп отыр.

Кіндік қаны тамған ауылға жыл сайын 15 млн теңге ақша құятын ол алдағы жылдары жас мамандарға үй және мешіт салмақ.

Жастар ауылға қайтып жатыр

XX ғасырдың басында Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында ғалымдар сиырдың элиталық тұқымын - қазақтың ақбас сиырын өсірді. Бірақ Кеңес одағы ыдыраған кезде кеңшар да, ауылдың өзі де құлдырап кетті. Ауыл тұрғындарының көбі жақсы өмір іздеп қалаға бой түзеді. Сол жылдары мектепте 300 баланың 180-і ғана қалған.

«Құлдырап бара жатқан ауылымыз ертең мүлде жоқ болып кетеді дегенді ойлаған сайын өзегім өртенді. Бірде газет бетін парақтап отырғанда ауыл шаруашылығы туралы мақалаға көзім түсті. Бұл материалдың маған күшті әсер қалдырғаны сондай, осы уақытқа дейін мұғалім болып келіп, аяқ астынан туған жерімде мал шаруашылығын жандандыруға шешім қабылдадым. Бұл жер қазақтың ақбас сиырының отаны болғандықтан, сол тұқымды өсіруді қайта жаңғырту керек деп ойладым. Себебі ақбас сиыр – мұқым елдің мақтанышы. Әрине, басында оңай болған жоқ. Қазақстан инвестициялық қорына хат жаздым. Жауапты ұзақ күттім, көкірегімді сары уайым торлады. Бірақ өз дәлелдерім мен есептеулеріме сенімді болдым. Міне, сондықтан олар мені қолдады» - дейді Қуаныш Сүлейменов.

Кәсіпті ілгерілету оңайға түскен жоқ. 150 бас сатып алған тұстағы қыс мезгілінің ызғарлы болғандығы оның әлі күнге дейін есінде. Сонда да шыдамдылық танытып, шаруашылықты біртіндеп дамыта бастады. Кейіпкеріміздің айтуынша, негізгі міндет – элиталық сиырларды өсіру емес, ауылдың экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту болған. Ең бастысы, жергілікті халыққа бірліктің арқасында барлығын жақсы бағытқа өзгерте алуға болатындығына сенім ұялату қажет еді. Қазір оқуды бітірген жастар туған ауылына қайтып келіп жатыр. Себебі шаруа қожалығында жатақхана, күніне 3 мезгіл тамақтандыратын асхана бар. Жыл сайын ауыл экономикасын дамытуға қожалық 15 млн теңге бөледі.

Аргентиналықтар қызығушылық танытуда

Бүгінде «Шалабай» шаруа қожалығында қазақтың элиталық ақбас тұқымды сиырының 3,5 мың басы бар. Бұл тұқымды сатып алу үшін басқа аудандар мен облыстардан шаруагерлер жиі келіп жатады.

«Табыннан жақсы асыл тұқымды бұқаларды шығарамыз. Олардың төлдерін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі аймақтарға таратуды жоспарлап отырмыз. Осылайша тұқым сапасын жақсартқымыз келеді. Қазірдің өзінде шетелдік малшылардың қызығушылығы байқалып отыр. Сондықтан экспортқа шығатын күн де таяу. Аргентиналық мал өсірушілер біздің бұқаларды сатып алғылары келеді. Олар бұл тұқымға ерекше қызығушылық танытып отыр. Сөйтіп, Қазақстанның мал шаруашылығының әлемдік элитадағы орнын қайтарамыз», - деді кәсіпкер.


Соңғы жаңалықтар