ШҚО-да қарақшылардың киімін киген құтқарушылар жағажайда ерекше акция ұйымдастырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында құтқарушылар халыққа су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында қарақшылардың киімін киіп, ерекше акция ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қарақшылар болып киінген құтқарушылар Көкпекті ауданындағы халық ең көп баратын шомылу орнына келді. «Алтын құм» деп аталатын ұзындығы 110 шақырымға жететін жағалауда жыл сайын 50 000-ға жуық адам демалады. Бірақ бұл учаске қауіпсіз емес. Суға шомылу маусымы басталғалы бері мұнда 5 адам батып кеткен. Жалпы облыс бойынша су айдындарында 31 адам, оның ішінде 8 бала көз жұмды.

«Акция аясында қарақшылар демалушыларға судағы қауіпсіздік бойынша сұрақтар қойды. Дұрыс жауап бермейтіндерді қарақшылар «ұрлап әкетті». Сондай-ақ шара барысында жедел құтқару жасағының құтқарушылары матраспен жүзген кезде қалай батып кетпеу керектігін көрсету үшін шеберлік сабағын өткізді. Өйткені дәл осы су айдынында матраспен жүзіп жүрген 2 әйел батып кеткен», - деді департамент бастығының орынбасары Дмитрий Титов.

Сондай-ақ сүңгуірлер судың түбін тексерді. Акция азаматтардың назарын судағы қауіпсіздікке аудару мақсатында ұйымдастырылған. Іс-шараға қатысқан Көкпекті аудандық жастар ресурстық орталығының еріктілері демалушыларға арнайы жадынамалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысты.


Соңғы жаңалықтар