ШҚО-да есірткі саудалаған Екібастұз тұрғынынан 730-дан астам доза тәркіленді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында есірткі заттарын саудалаумен айналысқан екібастұздықтан 730-дан астам бір реттік доза тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Өскемен қаласында психотроптық заттарды сатумен айналысқан ер адамды ұстады. Жедел уәкілдер оны Өскеменнен Риддер шаһарына барар жолда қолға түсірген.

Тергеу кезінде 28 жастағы күдіктінің оңай жолмен пайда табу мақсатында 2021 жылдың ақпан айының басында Павлодар облысы Екібастұз қаласынан Өскеменге келгені анықталды. Ол бір ай бойы Өскемен мен Риддер аумағында психотроптық заттарды өткізумен айналысқан. Клиенттерді интернет-ресурстар көмегімен тауып отырды. Сараптама тәркіленген заттың «жылдамдық» деп аталатын психотроптық а-пирровалеронфенон екенін көрсетті.

«Ұсталған азаматтан 730-дан астам бір реттік доза тәркіленді. Оның құны «қара нарықта» 4 млн теңгеден асады. Сондай-ақ санкцияланған тінту барысында өлшеуге арналған құрылғылар мен дозаларды орауға қажетті заттар табылды», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар