ШҚО-да екі қарағандылықтан синтетикалық есірткінің 800 дозасы тәркіленді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері «Жылдамдық» атты есірткі затын тасымалдаумен айналысқан екі ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары «Қарасора-2021» жедел-алдын алу шарасы барысында «Жылдамдық» атты психотроптық затты жеткізушілерді ұстады.

«Өскемендегі Тополиная роща ауданында Қарағанды облысының 25 және 23 жастағы екі тұрғыны құрықталды. Олар табыс табу мақсатында қалаға психотроптық заттарды жеткізумен айналысқан. Ұсталғандардан барлығы 800-ден астам доза тәркіленді. Оның «қара нарықтағы» құны – 5 млн теңгеден асады», - деді облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынған.

ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігіне (аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз өткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар