ШҚО-да браконьерлерден бір жарым тоннаға жуық балық тәркіленді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері заңсыз ауланған бір жарым тоннаға жуық балықты тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 16 сәуірден бастап «Уылдырық-2021» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде. Шара барысында су қоймаларында бақылау күшейтілген.

Тәртіп сақшылары Зайсан көлінің жағасындағы Қарсақбай ауылы маңында заңсыз балық аулаған ер адамды ұстады. Оның резеңке қайығынан тиісті құжаттары жоқ 5 қап түрлі балық табылған.

«Ақмектеп ауылының 33 жастағы тұрғынынан 51 келі көксерке, 4 келі шортан, 64 келі табан және 17 келі алабұға балықтары тәркіленді. Осының салдарынан келтірілген шығын мөлшері 300 000 теңгені құрады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Айта кетейік, «Уылдырық-2021» жедел алдын алу шарасы басталғалы бері 239 рейд өткізіліп, соның нәтижесінде 235 құқықбұзушылық анықталды. 1400 келіден астам балық тәркіленген. Мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 1 700 000 теңгені құрап отыр.


Соңғы жаңалықтар