ШҚО-да биыл баспаналы болған көпбалалы отбасылар 2 есеге артты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдегі көпбалалы аналармен кездесті. Аймақ басшысының бастамасымен құрылған көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен жұмыс жөніндегі комиссия бизнесті бастау, оқушылардың білім сапасын арттыруға қатысты сұрақтарды талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Былтыр құрылған арнайы комиссия өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін облыс әкімінің алдында ашық көтеретін бірден-бір алаңға айналды. Осыдан екі ай бұрын өткен жиында көпбалалы отбасылардан шыққан түлектерге грант беруде жеңілдіктер қарастыру, «Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың есеп-шоттарын бұғаттамау, мектептер мен балабақшаларда арнайы топтар ашу, білім ордаларындағы ыстық тамақ пен берілетін киім сапасын тексеру сияқты мәселелер көтерілген еді. Бүгінде бұл мәселелердің дені өз шешімін тапқан.

«Мектептер мен балабақшаларда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары үшін ұзартылған топтар ашу бойынша талдау жүргізілді. Облыста мұндай қажеттілік 201 мектепте байқалып отыр. Балалардың тізімі де жасақталған. Эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін топтар ашылып, өз жұмысын бастайды», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Облыс көлемінде бұл санаттағы отбасыларды қолдауға бағытталған кешенді жоспар шеңберінде биыл баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші екі есеге артқан. Мәселен, өткен жылы 500-ден астам көпбалалы аналарға жаңа пәтер кілті табысталса, биыл жыл соңына дейін 1044 жанұя қоныс тойын тойлайды. Осы ретте айта кету керек, соңғы үш жылда үй кезегінде тұрған отбасылар саны 900-ден 2500-ге дейін артқан.

Сондай-ақ Даниал Ахметов «Еңбек» бағдарламасы бойынша бөлінетін грант қаражатын бұғатталмайтын есеп-шотқа түсіру мәселесі қазіргі таңда құзырлы министрлік пен Ұлттық банктің талқылауында екенін жеткізді.

«Жалпы биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін гранттардың 47%-ын көпбалалы және аз қамтылған отбасылар алды. Яғни, 869 отбасына өз кәсібін бастау үшін 482 млн теңге қаражат бөлінген», - деді ШҚО әкімә.

Сонымен қатар көпбалалы аналар қазіргі таңда қашықтан беріліп жатқан білім сапасына алаңдайтындықтарын жеткізді. Сондықтан кезең-кезеңімен сыныптарды ашып, балаларға мектепте білім алуға рұқсат беруді сұрады. Бұған орай аймақ басшысы білім басқармасына ұсыныс дайындауды тапсырды. Даниал Ахметов осы сұрақты алдағы айдың соңында комиссиямен бірге тағы бір мәрте талқылайтынын айтты.

Кездесу соңында аналарға белсенді қызметі үшін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия атынан алғыс хаттар табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар