ШҚО-да азық-түлік, газ бағасының қымбаттығына қайда шағымдануға болады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында азық-түлік бағасының қымбаттығына шағымдануға болатын жедел желі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, сұйытылған газ, бензин мен дизель отыны бағасына шағымдануға болатын жедел желі іске қосылған. Оған бүгінге дейін Өскемен, Семей қалалары мен бірқатар аудан тұрғындарынан 200-ден астам қоңырау түсті.

«Азаматтардың көбісі азық-түлік өнімдері мен коммуналдық қызметтер бағасының тым қымбаттығына наразылық білдірді. Ал кейбіреулер сұйытылған газ, бензин, дизель отынының шекті бағасы туралы ақпарат алғысы келеді. Әр шағым бойынша ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жолдануда. Заң бойынша әлеуметтік маңыздағы азық-түліктің құны өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауы тиіс», - деді департамент басшысының орынбасары Ренат Нәбиев.

Қалаларда, аудан орталықтарында және орталықтан 200 шақырымнан аспайтын жерде орналасқан елді мекендерде газдың шекті бағасы – 60 теңге. Егер ауылдың қашықтығы орталықтан 200 шақырым немесе одан да көп болса, онда литріне 65 теңгеге бағаланады. Жазғы және маусымаралық дизельдік отынның шекті бағасы – 260 теңге. Бензиннің шекті бағасы: АИ-80 – литрі 89 теңге, АИ-92 – литрі 182 теңге, АИ-93 – литрі 182 теңге, АИ-95 – литрі 215 теңге.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша жедел желі нөмірі – 8-705-280-45-13.


Соңғы жаңалықтар