ШҚО-да 27 әлеуметтік-мәдени нысан салынбақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында 27 әлеуметтік-мәдени нысан салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде мәдени, спорттық және тұрғын үй объектілерін салу мәселелері бойынша облыс әкімдігінде жиналыс өтті.

«Биыл біз алғаш рет бір уақытта 27 әлеуметтік-мәдени нысан салғалы отырмыз. Ауқымды жобалардың бірі – Семей қаласында балаларға арналған оңалту орталығын салу. Құрылысты бастауға облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Семей қаласындағы Степной және Восточный кенттерінде жаңа мектептердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.

«Нысандардың құрылысы кестеден кешікпей жүріп жатқаны ерекше қуантады. Бородулиха, Марқакөл, Таврия, Үлкен Нарын, Самар сынды көптеген ауылдар мен кенттерде биылдың өзінде бассейндер және жаңа дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары пайдалануға берілмек. Ал спорт модульдері шалғайдағы барлық елді мекенге салынады», - деді облыс әкімі.

Қабанбай ауылында биыл тек модуль ғана емес, полиция бөлімі және фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталады.

«Тұрғын үй мәселесіне келер болсақ, соңғы бес жылда бірінші рет жылына бір миллион шаршы метр тұрғын үй салып, көрсеткіш деңгейін көтеріп отырмыз. 2025 жылға дейінгі тұрғын үй құрылысына қатысты бағдарлама жасауды тапсырдым. Осы бағдарламаның аясында жыл сайын кемінде 700 мың шаршы метр баспана салынуы тиіс. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға коммерциялық үйлердегі бастапқы жарнаға тұрғын үй сертификаттарын беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Өйткені, олар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несие алып, баспаналы болуға ниетті», - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар соңғы уақытта құрылысшылар құрылыс материалдарының қымбаттағандығын айтуда. Осыған орай облыстың құрылыс және экономика басқармалары әрбір жағдайды мұқият зерттеп, қажет болған жағдайда жобаларға түзету енгізбек.


Соңғы жаңалықтар